Хабар телеарнасы

Түркістан облысында 2019-2024 жылдар аралығында 184 мектеп салынуы тиіс

Жыл соңына дейін соның үшеуі пайдалануға беріледі. Қалғаны келесі жылға өтеді.

Аталған нысандар толық салынып біткенде өңірдегі мектеп мәселесі айтарлықтай жақсармақ. Әсіресе бұл жаңалық мектепке бару үшін 3 шақырым жолды жаяу жүріп өтетін Түркістан қаласының іргесіндегі Иқан ауылының оқушыларын ерекше қуантып отыр. Қазір аталған ауылда заманауи үлгідегі 300 орындық мектеп салынуда.

Иқан – Түркістаннан 7 шақырым жерде орналасқан үлкен ауыл. Мұнда 1600 орындық 4 мектеп бар. Алайда оқушылардың саны 4 мыңға жуықтайды. Соңғы жылдары ауылда мектеп тапшылығы сезіле бастаған. Оның үстіне ауыл аумағы да үлкейіп, жаңа мөлтекаудан балалары 3 шақырым жолды артқа тастап, ескі мектепке баруға мәжбүр.

Гүлбибі Құрманова, 11-сынып оқушысы:

- Бізде таңертеңгі ауысымда оқитын оқушылар қатты қиналады. Өйткені қыста қараңғы болады. Жолға бір сағат уақыт кетеді. Енді келесі жылдан бастап осы жаңа мектепке баратын боламыз.

3 жыл бұрын облыстық мәслихатқа мектеп салу туралы ата-аналардан өтініш түскен. Сол бойынша қалалық білім бөлімінен арнайы комиссия құрылып, сараптама жасалған. Нәтижесінде 2018 жылы мектеп салу қажеттігі туралы мемлекеттік акт алынып, мектеп құрылысына қаржы қаралған. 300 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл жазда басталды. Мұнда 50-ден астам жергілікті жұмысшы еңбек етуде. Қазір үш бөліктен тұратын ғимаратың біреуінің қыш қалау жұмыстары аяқталып, төбесі жабылып жатыр.

Бейбіт Сарбасов, жұмыс өндіруші:

- Бұл мектеп үш бөліктен, яғни А, Б, В блоктарынан тұрады. Бірінші В қабатын жабуға кірістік. Ал А блогының 1-қабаты аяқталып, плиталары қойылып жатыр. Ал ортағы спорт залында монолиттік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық материалмен толық қамтылған. Негізінде 2020 жылдың 1 қыркүйегінде берілуі керек. Біз одан бұрын тапсыруға тырысып жатырмыз.

Зуппархан Чалданов, облыстық мәслихат депутаты:

- Екі аптада бір рет ауыл ақсақалдары құрылыс жұмыстарын тексеріп кетеді. Осы ауылдағы Иқан мектебі 1968 жылы, ал Қ.А.Яссауи атындағы мектеп 1978 жылы берілген. Ол кезде ауылдық жерде 1-сыныптағы оқушылар саны 30, қалада 35 болатын. Қазір ауылда – 20, қалалық жерде – 25. Соның барлығы мектептерге қосымша материалдық базаны қажет етеді.

Ресми мәлімет бойынша, 900-ден астам мектебі бар өңірде білім ошақтарының дені тәуелсіздікке дейін салынған. Сондықтан олардың көбі бүгінгі білім стандарттарына сай келмейді. Оның үстіне қазіргі талап бойынша оқушылар бірнеше сабақта бөліп оқытылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2019-2024 жылдар аралығында 55 мың орындық 184 мектеп салынуы тиіс. Қазір өңірде 51 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы