Хабар телеарнасы

Бурабайда мұз қалашығы салынуда

Қазір курортты аймақта 150-ге жуық қонақүй мен мейрамхана бар екен. Ал олардың 100-ден астамы жыл он екі ай жұмыс істеп тұр.

Бурабайдың орталығынан қазір бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алатын мұз қалашығы салынып жатыр. «Келер жыл тышқан жылы болғандықтан, оның кіреберіс қақпасына тышқан мүсіні қойылады», – дейді жоба авторлары. Ал ең басты ерекшелігі: биыл осындай ойын-сауық орындарына жарық көптеп қойылады.

Ершат Жолдас, суретші-мүсінші:

- Мұның барлығы кешке жақын жайнап кетеді мына жер. Түрлі түсті шырақтар болады. Сонымен бірге сырғанайтын алаң да бар. Ол жердің жан-жағын қоршадық, шырақтармен әсемдедік. Түнге қарай мына жер жарқырап жанып, кәдімгідей бір жаңа жылдық атмосфера тудырады. Музыка да қосатын боламыз.

Жалпы Бурабайда сырғанақ, мұз қалашығы, мұз айдыны секілді ашық аспан астында орналасқан 15 нысан бар екен. Ал олардағы қызмет көрсету ақысы қандай? Қарапайым халыққа қолжетімді ме?

Ерлан Мүсіпов, облыстық Туристік-ақпараттық орталық жетекшісі:

- Бурабайда жалпы спорттық ойындарға арналған құралдарды жалға алу 300 теңгеден бастап 1,5 мың, 2,5 мың, 3 мың, 5 мың теңгеге дейінгі ақыны құрайды. Бұлардың қатарында тюбинг, коньки, шаңғы, квадроциклдер де бар. Жалпы қысқа дайынбыз. Өкінішке қарай, қар аздау, желтоқсан айы жылы.

Сырғанақтар көп болғанымен, ересектер үшін қанды қыздыратын, шытырманға толы экстремалды қызмет түрлері жоқтың қасы.

Ерлан Мүсіпов, облыстық Туристік-ақпараттық орталық жетекшісі:

- Бізде Бурабай ауданында экстрим парк ашылайын деп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 1,5 км. Осы экстрим паркке қазір адамдар көп келіп жатыр. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай секілді бізге жақын қалалар жиі қатынап тұрады.

Бурабайда қыста серуендеудің өзі бір керемет! Қарағайдың исі, саф таза ауа, тұмса табиғат – барлығы жанға рахат сыйлайды. Туристердің көбісі де сонау алыстан осы бір ғажайыпты көзбен көріп, жанымен сезіну үшін арнайы келеді.

Жалпы Бурабайға жыл сайын 1 млн-ға жуық турист табан тірейтін болса, солардың 30% астамы қыс мезгілінде келеді екен. «Себебі қыстың да өз қызығы бар», – дейді қонақтар.

Нәзира Яхияева, турист /Түркістан/:

- Қысқы Бурабай бізге ұнады. Табиғатына тамсанып, кеткіміз келмей қалды. Қысқы Бурабайды тілмен айтып жеткізу қиын. Жазда тағы келеміз.

Гүлнәр Тәкібаева, турист /Павлодар/:

- Қысқы Бурабай тазалығымен ұнайды. Көлік те, адамдар да аз. Біз Бурабайдың таза ауасын жұту үшін Павлодардан келіп тұрмыз.

Туристер қатарын көбейту үшін ауқымды іс-шаралар мен байрақты бәсекелерді Бурабай баурайында өткізу қолға алынған. Мәселен, соңғы жылдары халықаралық «Қансонар» бүркітшілер сайысы тұрақты түрде осы өлкеде өткізіліп келеді. Одан бөлек, «Санта-фест», «Қысқы ертегі» секілді бұқаралық іс-шаралар да ұйымдастырылады.

Авторлары: Д.Берікұлы, А.Полянный, Е.Шинкаренко