Хабар телеарнасы

ШҚО ақпараттық технология сыныптарын ашу бойынша көш бастап тұр

«Тіпті мектепке дейінгі мекемелер де жаңа технология әдістерін еркін қолданып жатыр. Бұл – еліміздегі білім мен ғылымға деген ерекше көзқарастың нәтижесі», – дейді ұстаздар.

Бүгінгі күні өңірде ақпараттық технология ағымынан қалыс қалған мектеп жоқ деуге болады. 648 білім ошағының барлығында осындай игіліктер бар. Сондықтан оқушылар 3D модельдеу, бағдарлама жасау, роботты техникаларды құрастыру сынды шаруалармен жақсы таныс. Осы бағытты мықты меңгергендердің бірі – мамандандырылған IT лицей. Білім ошағының оқушылары инновациялық интеллектуалдық сайыстарға белсене қатысып, талай грантты иеленіп келеді. Солардың бірі – Владислав Волостнов. Ол жол-көлік қозғалысын анағұрлым қауіпсіз ету үшін арнайы робот құрап, 600 мың теңгелік грант иеленді.

Айтуынша, жол шетіндегі адамды байқаған кезде ғана іске қосылып, көлік жүргізушілеріне ақпарат көрсетеді. Күн батареясымен де, электр қуатымен де жұмыс істейді. Жас өнертапқыш мұндай жобамен бекер айналыспаған екен.

Владислав Волостнов, IT мектеп-лицейінің оқушысы:

- Өскемендегі көшелердің бірінде бір үлкен кісіні көлік қағып, мерт қылды. Содан көп ұзамай анасымен кетіп бара жатқан баланы көлік қағып кетті. Осы жағдайлардың барлығы маған қатты әсер етті. Осылайша реттелмейтін жол бөлігіне арналған робот құрылғыны жасап шығардым.

Алдағы уақытта Владислав жобаны іс жүзінде тексеріп, оны қолдану тетіктерін қарастырмақ. Лицейде бұдан өзге оқушылардың денсаулығын бақылауға арналған «Педиатр» жобасы және «Абай – дана, Абай – дара» атты 3D тур жобалары жасалуда.

Ержан Әуезов, IT мектеп-лицейінің робототехника мұғалімі:

- Біздің оқушыларымыз роботты техника үйірмелеріне өте қызығады. Өйткені чемпионат өткен кезде балалар демалыс күндерінде де мектепке келіп жүреді.

Ақпаратты технологияға ден қоюшылардың артуынан болар, өңірде жақында «Жастар TIME» инновациялық орталығы ашылды. Ол жерде дарынды балалар білімдерін шыңдайды. Тапсырмалар мектеп бағдарламасын қайталамайды.

Сергей Коваленко, ШҚО өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры:

- Бұрынғы жылдары теориялық тапсырмаларға көп көңіл бөлетін еді. Қазіргі бағдарлама бойынша практикаға көп көңіл бөлінеді. Инновациялық орталықта білім алған балалар ең заманауи бағдарламаларды игеріп, тіпті болашақта белгілі бір мамандық түрін де алып шығуы әбден мүмкін. 2D, 3D модельдеу, монтаж жасау сынды бағыттарды үйренеді.

Сандық технология мектепке дейінгі мекемелерге де жат емес. Мәселен, «Арман» балабақшасының тәрбиешілері мен мұғалімдері кішкентай балаларды интербелсенді тақтамен жұмыс жасай білуге баулуда. Бұл бүлдіршіндердің зейінін ашып, білімқұмарлығын арттырады. «Кейін мектеп табалдырығын аттаған балабақша баласы келесі ортадағы ақпараттық технология дәрістеріне тез үйренеді», – дейді олар.

Адиля Раисова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Балалар көзбен көріп, құлақпен ести алады. Қосымша көрнекіліктер арқылы жаңа тақырыпты жақсы меңгеріп алады. Даярлық мектебіне барған кезде бұлар интербелсенді тақтаны жетік меңгеріп, қалай қолдауын біледі.

Ал 35 жылдық өтілі бар балабақша директоры Айгүл Қырықбаева өзі жас ұстаз болып келген жылдары мұндай игіліктердің болмағанын айтады. Сондықтан білім беру жүйесінің заман талабынан қалыспай дамуын ол тәуелсіз жылдардың үлкен жетістігі, мемлекеттің айрықша қамқорлығы деп санайды.

Айгүл Қырықбаева, №9 «Арман» балабақша-бөбекжайының директоры:

- Салыстырмалы түрде айтсақ, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері өскелең жас ұрпақ үшін елеулі істер атқарылып жатыр. Оның ішінде жас педагогтарға қосымша қамқорлық жасалуда. Тәуелсіздік мерекесіне орай 1,2 млн қаржы бөлініп, Үкімет тарапынан балабақшада роботты техника кабинетін ашуға әзірленіп жатырмыз.

Енді біраз уақыттан соң титтей балалар да роботты техника негіздерін үйрене бастайды. Мұғалімдер де арнайы курстан өтіп, дәріс беруге әзірленуде. Жалпы соңғы 3 жылда облыстың білім беру саласын дамытуға 337 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал осы уақыт аралығында өңірде 117 дарынды бала түрлі чемпионатта алтын, 400-ге жуығы күміс және қола медаль иеленген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов