Хабар телеарнасы

Орал қаласында «100 сауда орны» атты жаңа жоба жүзеге аса бастады

Ол үшін қалалық әкімдік халық тығыз қоныстанған аудандардан бос орындарды белгілеп, «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына береді. Өз кезегінде корпорация электронды аукцион арқылы жеңімпаздарды анықтайды. Осылайша кәсіпкерлерге сәулет бөлімі бекіткен бірыңғай үлгіні ұсынады. Бұған дейін 12 орын ауылшаруашылық құрылымдарына бөлінсе, 20 желтоқсан күні тағы 25 болашақ сауда нүктесі өз иесін таппақ.

Артур Досқалиев, «Ақжайық» ӘКК басшысының орынбасары:

- Мысалы ет немесе сүт өнімдерін сататын немесе жеміс-жидекті жергілікті тауар өндірушілер болса, онда оларға одан да төмен жеңілдіктер көрсетіледі. Олар аукцион арқылы жер алса, арендасы төмен болады және де алдағы уақытта талап қойылады. Олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағамен сату керек.

Гүлнәр Махметова, кәсіпкер:

- Өзіміз өндірген етті сатамыз. Малдың ішек-қарнын, өкпе-бауырын арзан бағаға қоямыз. Алушылар өте көп. Ал белгілі бір күндері қаймақ, ірімшік, сары май да әкелеміз. Одан бөлек тұрақтандыру қорынан бөлінген өсімдік майы мен макаронды саудалаймыз. Бізде баға базардан арзан деп айта аламыз.