Хабар телеарнасы

30-ға жуық кәсіпорын Мемлекеттік рәміздерді шығару лицензиясына ие

Қазақстан Республикасының өзіне тән, ұлттық тарихымен сабақтаса отырып жасалған Елтаңбасы, Мемлекеттік Туы мен Әнұраны бар.

Владимир Шевченко – егеменді Қазақ елінің алғашқы Елтаңбасын жасаған санаулы суретшілердің бірі. Ол 1971 жылы қала безендіру комбинатына жұмысқа орналасқан. Бүгінде зейнетте. Тарихи оқиғаның дәл ортасында болғанын мақтан тұтады. «Сол уақыттағы қиындықтар есіме түссе, күлкім келеді», – дейді.

Владимир Шевченко, суретші:

- Алғашқы елтаңбаны қолмен ойдық. Ол – өте ауыр жұмыс. Қазақстанның Елтаңбасы ТМД елдерінің ішінде мазмұны терең, жасалуы өте күрделі елтаңба саналады. Түн жарымға дейін істейміз. Бастық есіктің алдында тұрады. «Кім кетсе, соны жұмыстан шығарамын», – дейді. Өйткені тапсырыс көп. 90-жылдардың басындағы қиындық естеріңізде болар. Жылу, су, жарық жоқ. Соған қарамастан, қалың киініп алып елтаңба жасаймыз.

Қазіргі таңда техника да, материал да жеткілікті. Диаметрі 50 сантиметрге дейінгі елтаңбалар пластмассадан құйылады. Ең жоғары сұранысқа ие де осы өлшемдегі елтаңбалар.

Ербол Жұман, цех бастығы:

- Бізге эмблеманы алып келеді. Оны бірінші бояумен сырлайды. Сырлап болғаннан кейін үсті хромдалады. Хромдап болғаннан кейін қоспалар қосып алтын түспен көмкеріледі. Ең соңында көк түске боялады. Артқы жағына мөр қойып, голограммаларды жабыстырып, қорапқа салып дайындап, сақтау қоймасына апарамыз.

Бірақ технологияның дамығанына қарамастан, бір метрден үш метрге дейінгі үлкен елтаңбалар бұрынғысынша қолмен қашалады. Бұл жерде полиуритан, яғни нығыздалған пенопласт қолданылады. Әр өнім қатаң бақылаудан өтеді.

Сейітхан Оспанов, суретші:

- 15-20 жыл істесең де, мемлекеттік комиссия тексеріп отырады. Содан кейін ұсақ, өнуі қиын жұмыс. Қопарып тастайтын іс емес.

Алғашқы тулар да осы цехте жасалған. Қазір бір туды жасау үшін бірнеше минут қана кетеді. Ал 90-жылдары бәрі қолмен тігілді. Көшеге ілінетін байрақтар политэкстен, ғимарат ішінде тұратындар габардин, атлас, тафтадан жасалады.

Саят Мағзұмов, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Әр материалдың өзіндік нөмірі, пантоны болады. Оның бәрі стандартта жазылған. Тудың қалыңдығын, тығыздығын кейін лаборатория тексереді. Тұтас тудың бәрін біз сәйкес келтіріп шығарамыз.

90-жылдардың басында мемлекеттік символдарды жалғыз компания шығарған. Қазір 30-ға жуық кәсіпорында мұндай лицензия бар. Бірақ заңмен бекітілген стандарттар қатаң сақталуы тиіс. Өйткені ұлттың мақтанышы, мемлекеттің негізгі нышанын айшықтайтын рәміздерді қастерлеу – кәсіпорыннан бастап әр азаматтың парызы.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев