Хабар телеарнасы

Алматыдағы Үкімет үйі тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде тұр

Себебі дәл осы қалада халқымыздың ғасырлар бойы армандаған Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды. Бүгінде мұнда көптеген ғимарат сол кезеңдегі тарихтан сыр шертеді.

Ал олардың ең негізгісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңға қол қойылған бұрынғы Үкімет үйі болатын.

ХХ ғасырдың ортасында бой көтерген Үкімет үйі бүгінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімінде. Себебі дәл осы ғимаратты дөңгелек залында 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды. Дәл осы залда тарихи құжатқа қол қойылды.

Алуа Маханбет, тілші:

- Мұнда орындықтар да сол күйінде сақталған. Себебі бұл орындарда еліміздің елеулі оқиғасына куә болған тұлғалар отырған. Ал ел тәуелсіздігі жарияланған бұрынғы мәжіліс залы бүгінде сол кезеңдерден сыр шертетін фотоэкспозицияларға толы «Тәуелсіздік залы»  деп аталады.

Тарихи маңызға ие әкімшілік ғимаратта бүгінде техникалық университет орналасқан. Кеңестік монументалдық классицизм стиліндегі құрылыс заманға сай өзгертілген. Дегенмен, ЖОО-ның ректоры: «Мұнда тіпті шамды ауыстыру үшін де жергілікті әкімшілікпен келісіп отырамыз», – дейді.

Кенжебек Ибрашев, ЖОО ректоры:

- Бұл залға былтыр біз жөндеу жұмыстарын жасадық. Бұрынғы өзінің қалпына келтірдік. Әрі қарай біздің міндетіміз – осы тарихи залды сақтап қалу.

Ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіне куә болған тек бұл ғимарат емес. Жалпы Алматының өзі. Себебі мемлекетіміз үшін маңызды шешімдер осы қаладан бастау алды.

Сайын Борбасов, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:

- Тәуелсіздікте Алматының орны ерекше болатыны: бүкіл Қазақстанның интеллектуалдық және рухани элитасы осы қалада шоғырланғандығында. Басшылар және Парламент Алматыда болды. Сол кезде 20 шақты саяси партия өмірге келді. Бұлардың барлығының негізгі штабтары Алматыда болды. Алматы Қазақстан саяси өмірінің қайнаған қазанына айналды.

Еліміздің басты құжаты Қазақстан Республикасы Конституциясының соңғы нұсқасы да 1995 жылы Алматыда қабылданды. Ата заңымызды жазуға атсалысқандардың бірі Арықбай Ағыбаев болатын.

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Заң қабылданғанда көптеген пікір туындады. Мысалы, құқықтық мемлекет, демокартиялық қоғам, әлеуметтік мемлекет – барлығына сипаттама берілді. Конституцияда айтылған көп нәрсеге, көп терминге анықтама беруге атсалыстық.  

Ал 1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы залда астананы көшіру туралы мәлімдеме жасады. 2019 жылдың жазында Елбасы университет ғимаратының алдына «Уақыт капсуласын» қояды. Тұңғыш Президенттің бұл аманатын қазақстандықтар тек 2049 жылы ашып, оқи алады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Алматы – еліміздің, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, бәріміздің ең жақсы көретін қаламыз, білімнің орталығы. Ендігі мына капсуланы бұдан 30 жылдан кейін ашқанда менің қандай үндеуім бар екенін көретін болады. 30 жылда, әрине, көп жағдай болады, тарих өзгереді, ел өзгереді, жер өзгереді, барлығы болады. Бірақ Қазақстан мен қазақ орнында болады, өркендейді, өседі.

Елбасы айтқандай, «Алматыдан бастау алған тәуелсіздік ғасырларға ұлассын!» деп тілейік!

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов