Хабар телеарнасы

Ірі букмекерлік мекеменің бірінің қызметі тоқтатылды

Есігіне мөр басылып, «жабық» деген қағаз ілінді. Бұл кеңсенің айналасындағы дау-дамай жуық арада шешілмейтін секілді. Жалпы қазақстандықтар ұтқызған ақша, үй мен бизнес қайда кетті және нені қаржыландыруға жұмсалды?

Оның бетін көрсетуге дәті жетпейді. Өйткені бар жиған-тергенін ұтқызған. Әуелі бәске аз ақша тіккен. Кейін құмар ойынның құрығына қалай түскенін өзі де байқамай қалыпты. «Осы жолы есемді қайтарамын» деген сайын көп ақша ұтылып отырған. Кәсіпкер тіпті алаяқтыққа дейін барады. Бірнеше айдың ішінде-ақ өмірінің быт-шыты шыққанын айтады.

Геннадий, қала тұрғыны:

- Бизнесімді ұтқыздым. Тіпті 100 млн теңгеден астам қарызым бар. Ата-анаммен ұрыстым. Әуелі «қояр» деген үмітпен, кешіріммен қарады. Болмаған соң мені қуып шықты. Қаншама тұтынушыны алдадым. Істі болдым. Құрдымға кеткенімді кеш түсіндім.

Гена секілділер аз емес. Олардың көбі оңалту орталығына өмірінің мәні кетіп, әбден тақырға отырған кезде ғана келеді. «Құмарлықтың құлдығына түскендер ішімдікке салынып, шынайы өмірден алшақтайды, тіпті өздеріне қол жұмсайтын да болады», – дейді мамандар. Статистикаға жүгінсек, 350 мыңнан астам қазақстандық ойын залында жүр. Айта кетерлігі, сарапшылар көптен бері спорттық жарыстарға бәс тігуді де құмар ойынға теңеп отыр.

Антон Гордеев, тәуелділікті емдеу клиникасының жетекшісі:

- Алматыда букмекерлік кеңселер өте көп. Казиноларды шетке көшіргенде, қалада бір бос кеңістік қалыптасты. Сол кеңістікті букмекерлік кеңселер толтырды. Ол тиімді ғой. Біреулерге пайда әкеледі, салық та төленетін шығар.

Букмекерлік кеңселерді казинолар секілді қала шетіне көшірсек деген ұсыныс бар. Бұл ойдың бизнес иелері мен ойыншыларға ұнай қоймасы анық. Олар «қазына миллиардтаған салықтан қағылады» деген уәждерін алға тартады. Ал қарапайым азаматтар «көшірілгені жөн» деген пікірде.

Енді көптеген букмекерлік клуб интернетке ойысып жатыр. Демек, бәс тігу үшін үйден немесе кеңседен шығудың қажеті жоқ. Азартты бизнес иелеріне де ыңғайлы. Виртуалды іс-әрекет үшін салық төлемесе де болады. Бірақ «Олимп» секілді жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Клубтың іс-әрекетін егжей-тегжей зерттеуді қолға алған арнайы қызмет: «Букмекерлер қомақты қаражатты заңсыз шетелге шығарып отырған», – дейді. Неліктен және қай елге шығарылғаны әзірге беймәлім. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура істі тергеуде. Ал Алматының мамандандырылған ауданаралық соты компанияның жұмысын жарты жылға тоқтату туралы үкім шығарды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Александра Салмина, Радик Жақыпов