Хабар телеарнасы

Ұлық мереке қарсаңында үздіктер ұлықталды

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, осы жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық салада жеткен жетістіктерге тоқталды. Ел дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік награда табыс етілді.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Тобыл өңірі де тұтас елмен бірге өркендеп, танымастай өзгерді. Өндіріс, ауыл шаруашылығында бірнеше серпінді жоба жүзеге асты. Соңғы 11 айда өнеркәсіп өндірісі өңір тарихында түңғыш рет 1 трлн тенгеден асып түсті. Облыс әкімі өз баяндамасында: «Мұның бәрі тәуелсіздікте жеткен несібе, бостандық берген береке», – деп атап өтті.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Биыл тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында айрықша оқиғалар орын алды. Бүкілхалықтық сайлауда еліміздің жаңа Президенті сайланып, Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында айтқандай, қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.

Салтанатты жиын барысында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Солардың ішінде 5 адамға «Құрмет» ордені табыс етілсе, 21-і «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Сондай мараптқа ие болғандардың бірі – Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі Қонысбек Бегайдаров. Сахна саңлағы өнердегі жас әріптестеріне үлкен үміт артатындығын жеткізді.

Қонысбек Бегайдаров, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртісі:

- Қазіргі жастар шыны керек құлшынып тұр. Өнерге шөлдеп отырған балалар көп. Оларға театр өнерінің дамуы үшін драматургия, жақсы режиссура керек.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг