Хабар телеарнасы

Еріктілердің республикалық форумы басталды

Ел үшін емешегі үзілуге даяр тұрған жандардың әрекеттерін біраз жұрт сынады. Алайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған соң, бәз біреулердің аузына құм құйылды. Бұл әлгі көзге ілмей жүргендерге сабақ болса керек. Қоршаған орта мен қоғамның осал топтарына көмектесіп, мұқтаж жандардың қолқанаты болған жастар бір марқайып қалды. Олар елордаға келіп, арнайы «Бірлік» форумына қатысты.

Қайырымды болу ұлтқа, дінге, тілге байланысты емес. Ең бастысы, жасаған жақсылық жүректен жүрекке жетсе болғаны. Сардор Исманов мұны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүргелі қашан. Өз достарымен екі аптада бір рет жалғызбасты 25 ардагердің үйіне барып, қолғабыс жасайды. 2012 жылдан бері волонтер атанып, жомарттықтың жалауын желбіретіп жүр.

Сардор Исманов, ерікті:

- Бұрын ешкім түсінбейтін еді. Волонтерліктің керек екенін EXPO болғаннан кейін адамдар түсіне бастады. Ал біз оның алдында бастағанбыз. «Балалар әлі волонтерліктің не екенін нақты білмейді. Оны адамдар ақша жинап, көмектесу деп ойлайды», – деп Жастар жылының жабылуында Президент айтқан болатын.

Иә, көмектің көлемі көк қағазбен өлшенбейді. Мүмкіндік болса, қоршаған ортаны таза ұстап, айналаға жылы шырай танытып жүргеннің өзі қайырымдылыққа жатады. Қарттарға қол ұшын созып, мұқтаж жандардың мұңын қуанышқа айналдыру – құндылығын жоймайтын қадірлі іс. «Ел Президенті 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, қайырымдылықтың қадірін әспеттеді», – дейді келесі кейіпкеріміз.

Лилия Гизаттулина, ерікті:

- Ерікті болу – маңызды іс. Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Еріктілердің көмегіне зәру адамдар көп. Себебі олар әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Соған қарамастан, тегін әрі аянбай еңбек етеді. Заман ағымына байланысты ерікті болудың да түрі өзгерді. Бұрын тек ата-әженің үйіне барып, қолғабыс жасайтынбыз. Ал қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында барлық саланы қамтуға тырысамыз.

Еріктілер бас қосқан еркін жиында егемендік пен елдіктің лебі есіп тұрды. Жалындаған жастар туған жерінің патриоты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Тиісті қолдау көрсетілсе, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын тіктеп, ахуалын арттыруға атсалысамыз» – дейді олар. Яғни қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті байқаған еріктілер ауыл балаларын үш тілділікке оқытып, ақпараттандыру жағын қолға алуды жоспарлап отыр. Жастардың айтқаны еріккеннің ермегі емес.

Дəурен Рахымбек, «Азамат» қоғамдық бірлестігінің директоры:

- Бұрын «Мен волонтермін» десең күліп қарайтын еді. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқаннан кейін ғана бізге сеніммен қарайтын болды. Ал негізінен мемлекет тарапынан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Еріктілер жылы» деп арнайылап алуы – өскелең жастарды жақсылыққа итермелеп, өзінің туып-өскен жерінің дамуы мен гүлденуіне септігін тигізуге жақсы бір мүмкіндік.

Иә, Мемлекет басшысы еріктілерге деген көзқарасты өзгерту үшін волонтерлікке бүтін бір сала ретінде қарау қажеттігін айтты. Дамыған елдердегідей. Қасым-Жомарт Тоқаев ерікті болып жүрген студенттердің шәкіртақысын көтеру керектігін де тілге тиек етті. Мұндай ақжолтай ақпарды естігендер жадырады. Олар мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды.

Айдана Төребекова, ұйымдастырушы:

- Бұл – Қазақстанның барлық түкпіріндегі еріктілердің басын қосқан форум. Әр өңірден жинаған себебіміз елордамыздағы волонтерліктің қаншалықты дамығанын көрсін. Басқа еріктілер бір-бірімен аралассын. Себебі олар бір-бірімен араласу арқылы неше түрлі жобалар пайда болуы мүмкін.

Барын бағамдап, жоғын түгендейтін уақыт сынына жеткен бүгінімізде, ұлан ғайыр атыраптың үстінде жомарттық үстемдік етсе игі еді. Форумда бас қосқан жастар жағы осындай тұжырымға келді. Қоғам болып, қоршаған ортаның қордаланған мәселелерін қопарып, көмекке зәру жандардың жанынан табылуды мақсат етті. Әрқайсысы жомарт жүректің бір-бір уығы болуға уағдаласты. Осылайша кеудені кернеп тұрған кеңпейілділіктің керегесін кең, терезесін тең ұстауға сөз байласты.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- 2020 жыл – Еркітілер жылы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп жариялаған еді. Бұл дегеніміз не? Яғни сіз 365 күн ғана жақсылық жасау деген шарт емес. Жақсылықты үнемі әрі әрдайым жасауыңыз керек. Міне осындай панельдік сессияда жастар өз ойларын ортаға салып, өзгелермен бөлісіп жатыр. Әлеуметтік мәселелер, экологиялық тазалық, қарттарға көмек қолын созу – форумда талқыға түскен тақырыптар. Міне, ұйымдастырушылар жылы шырай танытып жатыр. Форумның ерекше назар аудартқаны қабырғадағы суреттер болды. Сондай-ақ барлығына мынадай сөмке таратылды. Айта кетейік, волонтерлер форумы «Бірлік» деп аталады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Болатбек Табалдиев