Хабар телеарнасы

Ақтөбеде халықаралық еріктілер форумы өтті

Ақтөбеде өткен халықаралық жастар форумында волонтерлер осындай бастама көтерді. Келесі 2020 жылы бұл мәселе шешімін табар деп ойлайды. Қоғамның мұқтаж жандарға бет бұрып, қолдау көрсетуі соңғы уақытта тұрақты көрініске айналған. Тіпті өзге елдердің еріктілері елімізге келіп, тәжірибе алмасуға қарсы емес.

«Жүректен жүрекке» еріктілер қоғамының белді мүшесі Әлішер Садық осыдан 5 жыл бұрын алғаш рет қарттар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырған. Содан бері қариялардың көңіліне медеу болуды әдетке айналдырыпты. Бірлестік көктемгі топан судан зардап шеккендерге көмектесу, жоғалып кеткен жандарды іздестіру шараларында да белсенділік танытты. Көпшіліктің алғысын алған жастар өзге де волонтерлік ұйымдарға үлгі болып отыр.

Әлішер Садық, ерікті:

- Алдағы жыл Еріктілер жылы ғой. Жалпы сол Еріктілер жылында да біздің ауқымды жоспарларымыз бар. Біздің жұмыс тәжірибемізге қарап, көрші облыстан да тәжірибе алмасу мақсатында көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Мұның өзі Ақтөбе жастары үшін жетістік деп толықтай айтуға болады.

Қазір еліміздегі ұлттық еріктілер желісі құрамында 80-нен астам бірлестік бар және олардың қатары күн санап артып келеді. Ақтөбеде өткен басқосуда волонтерлер тобының белсенділері облыс басшылығы атынан алғыс хаттармен марапатталды. Жиналғандар мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға көрсетілетін қолдау туралы жан-жақты ақпарат алды.

Марат Тоғжанов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күні министрліктерде қарастырылып жатыр. Осы волонтерлікке қатысып жүрген студенттердің стипендиясын 30% дейін көтеру ұсынылды. Енді студент үшін бұл үлкен көмек деп ойлаймыз.

Өзге аймақтардан келген жастарға ұсынылған көрмеде ақтөбелік еріктілер атқарған игі істердің бір бөлігі ғана қамтылған. Себебі өңірдегі волонтерлік ұйымдар көптеген бағытқа бөлініп, қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамтуда. Бірі ауыр дертке шалдыққан жандарға көмекке келсе, басқалары із-түзсіз кеткендерді іздеуге машықтанған. Өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға күш салып жүргендері де аз емес.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков