Хабар телеарнасы

Еріктілер 90 жасында көше кезген кейуана тағдырына алаңдаулы

Ержан Омарханов көшеде қарны аш кейуанаға көмек қолын созған. Жасы 90-ға таяған семейлік Сақыпжамал әжейдің аянышты халі қалалықтарды дүр сілкіндіргенмен, осы күнге дейін қамқорлық жасауға тиісті жауапты мамандардың салғырттығы адамды күйіндіреді. Ал кейін анықталғандай еңбек ардагерінің тәп-тәуір зейнетақысы, тіпті екі бөлмелі пәтері бар болып шықты.

Бір кезде облыстық телевизия саласында еңбек еткен Сақыпжамал әжейдің аянышты халін семейлік еріктілер әлеуметтік желіге салып, тақырып қызу талқыға түскен еді. 90 жастағы кейуананың жалғыз қызы осыдан 5 жыл бұрын қайтыс болған. Басқа туыстары жоқ, жалғыз тұрады. Өткен жылы жанып жатқан автобустан 50-ге жуық адамды құтқарған Ержан Омарханов көше кезіп, қарны аш жүрген әжейдің тағдырына бейжай қарай алмапты.

Ержан Омарханов, Семей қаласының тұрғыны:

- Бірде апаны байқадым. Ақша сұрап, қайыр тілегенге ұқсамайды. Тамақ ішкен адамдарға қарап отыр екен. «Апа, тамақ ішкіңіз келе ме?», – деп едім, әжей: «Иә, әрине», – деп жауап берді. Екі күн бұрын тамақтаныпты. Келесі күні тағы отыр. Содан осындағы қыздардан сұрап едім, әжейдің бұлайша жүргеніне бірталай уақыт болғанын айтты.

Әжей тұрғылықты мекенжайы бойынша №4 емханаға тіркеліпті. Мұндағы қызметкерлер де кейуананың өмір тынысынан бейхабар болып шықты.

Гүлмира Сағындықова, №4 емхананың әлеуметтік қызметкері:

- Instagram желісіне шыққанда ғана жағдайды білдік. Ондай апа тұратынын бірінші рет естідік. Өйткені бізді тіпті кіргізбейтін, есігін де ашпайтын.

Мейрамгүл Ақылбаева, №4 емхананың психологы:

- Апа бізге негізі 2012 жылдың маусым айынан бастап тіркелген, сол уақыттан бастап өзі келіп жүретін. Содан бір жылдары біз апаны жоғалтып алдық. Ешкімге есік ашпады. Содан көршісі Тамара Кеңесқалиқызы деген кісімен жақсы араласады деп естідік. Сол кісі арқылы апаға есік аштыртып, сөйлестік. Үй жиналмаған, көп уақыт жөндеу жұмыстары жасалмаған, сол себепті үйі антисанитария деп айтуға болады.

Сақыпжамал әжейдің туысындай болып кеткен бір адам бар. Ол – көршісі Тамара Өгізбаева. Алайда еріктілер бұл кісінің өз есебі бар, зейнетақысын заңсыз алып, пәтерін иемденгісі келеді деп күдіктенеді.

Тамара Өгізбаева, көршісі:

- Тек осы үйге ғана келіп, тамақ ішіп жүрді. Енді көрші ретінде мұсылмандық міндетіміз бар. Мен бұл кісіні келіп тұрғаннан кейін тамақ бермей қалай шығарамын? Өзі осы үйді жайлы көрді. Жүрегіне жақын болғаннан кейін ғана бұл кісі мені қабылдап тұр. Әйтпесе мен: «Сіздің үйіңізді алайын, сізге қарайын», – деп бұл кісіге мүлдем жабысқан адам емеспін.

Сақыпжамал Досымбекова, жалғызбасты кейуана:

- Бұрын суық өз үйімде тұрдым. Енді міне, бір айдай уақыт Тамараның үйінде тұрмын. Қиын кездер болды. Ал қазір тамағымды істеп береді, маған қарайды. Осында ұйықтаймын, жатамын. Енді мына үйден кетпеймін. Бармаймын өз үйіме.

Қалалық әкімдіктің жауапты шенеуніктері бұл тақырыпқа сұхбат беруден ат тондарын ала қашты. Ал арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мамандары әжейдің 5 жыл бойы неге назардан тыс қалып келгенін нақты айта алмады.

Жанна Нұрғалиева, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

- Апаның жағдайы жақсы, таза үйде, жылы төсекте жатыр. Қазір Тамара қамқорлыққа алуға құжаттарын дайындап жатыр.

Семейлік еріктілер прокуратураға арыз да жазып үлгеріпті. Енді бұл істің ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтамақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы