Хабар телеарнасы

Депутаттар шахматтан шеберлік байқасты

Тәуелсіздік мерекесіне тарту етілген алғашқы сайыс шахматтан өтті. Мәжілістің 15 депутатын жинаған зияткерлік ойынға Армения мен Қырғызстан, Молдовадан да Парламент мүшелері келіпті. Араларында халықаралық гроссмейстер, қазір Молдова Парламентінің депутаты Виктор Бологан да бар. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл бастама дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Депутаттар елдегі атақты спортшылармен кездесіп, өзара шеберлік байқаспақ. Парламент қабырғасындағы алғашқы сынға халықаралық гроссмейстер, әлем чемпионы Динара Сәдуақасова келді. Жарыс ережесі бойынша төрт елдің 21 депутаты Динарамен бір мезгілде сынға түсіп, өз шеберліктерін байқатты. Күнделікті жарыссөзде көзге түсіп жүрген Қуаныш Сұлтанов, Азат Перуашев, Владислав Косарев, Абай Тасболатов секілді танымал депуттар ой сайысында да осал емес екендерін көрсетті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізде дәстүрлі шараны қолға алып отырмыз. Мәжіліс қабырғасында ел намысын абыроймен қорғап, әлемге танытқан атақты спортшылармен жүздесулер өткізетін боламыз. Ал шахмат – спорттың ерекше түрі, толық бір әлем. Бұл турнир осы айрықша спорт түрін насихаттауға бағытталады.

Виктор Бологан, Молдова Республикасы Парламентінің депутаты:

- Қазақстан астанасына тағы бір мәрте келгеніме қуаныштымын. Депутат әріптестеріммен шахмат ойнап, шеберлік байқастық. Ал Динара Сәдуақасова – шахматтағы әріптесім. Сондықтан бір-бірімізге құрмет көрсетіп, тең ойынды қанағат қылдық.