Хабар телеарнасы

Павлодар облысында тағы бір көмір кеніші ашылды

Бастапқы кезең бойынша бір жылда 300 мың тонна көмір өндіру жоспарланып отыр. Алғашқы 30 мың тоннасы Ресей мен Түркияға жіберіліпті. Геологтардың мәліметінше, көмірдің сапасы жоғары. Қайнама кен орны ағымдағы жылдың мамыр айында қолданысқа енді. Кәсіпорын әлі толық қуатқа көше қойған жоқ. Жаңа кен орнының ашылуы жергілікті халық үшін жағымды жаңалық болып отыр. Калориясы жоғары қатты отынды шаруашылық мақсатқа қолдануға болады. Жер қойнауын пайдаланушылар көмір өндірудің жаңа технологиясын енгізген. Атап өтерлігі: барлау жұмыстары бұл жерге сонау 1947 жылы жүргізілген екен.

Оскар Бүртібаев, геолог:

- Кеніште 50 млн тоннадай көмір қоры бекітілген. Барлау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ол анықталғаннан кейін мемлекеттік балансқа қойылады. Көмірдің «Г» және «Д» маркасы алынып жатыр. Ол – газды әрі ұзақ жанатын түрі. Күкірттің мөлшері 5%, ал күл 6% құрайды. Калориясы жағынан барлық көрсеткішке сәйкес келеді

Асқар Шақарғалиев, Май ауданы Тұрғын үй коммуналды шаруашылық, автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Көмір жергілікті тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Жаңа кеніштің ашылуынан соң, ауданымызда көмір тапшылығы жойылды деп сеніммен айта аламыз. Аудан орталығында көмір сақтайтын орнын аштық. Халыққа 12 мың теңгеден өткізіліп жатыр. Мәселен, Майкөбе көмірі бізде орташа есеппен 15-16 мың теңгеден сатылады.