Хабар телеарнасы

Павлодар облысында тұрғын үйлер қарқынды салынуда

Бұл жұмыс мұнымен шектелмейді. Облыс орталығында жаңа Достық ықшам ауданының құрылысы басталады.

Бүгінде Сарыарқа шағын ауданындағы құрылыстың 80% аяқталды. Соңғы жылдары шамамен 2,5 мыңдай қала тұрғыны баспаналы болған.

Майя Әубәкірова, қала тұрғыны:

- Көптен күткен пәтеріме қол жеткіздім. Қуанышым шексіз. Өз үйім болған соң қонақ шақырып, достарымды қарсы аламын. Балаларым мен немерелерімнің ортасында бақытты өмір сүретін болдым.

Баспаналы болып жатқандардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, полиция, өрт сөндірушілер мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Бір сөзбен айтқанда, түрлі сала мамандары. Аудандық газетте беттеуші болып жұмыс істейтін Әлия Ислямова бастапқы жарнаны бірнеше жыл бойы жинағанын айтады.

Әлия Ислямова, қала тұрғыны:

- Бұл тұралап қалған құрылыс болатын. Сондықтан ұзақ күттік. Қиындықтар артта қалды деп ойлаймын. Өте қуаныштымыз.

Жауапсыз мердігерлердің кесірінен бұл үйдің құрылысы ұзаққа созылып кеткені рас. Жергілікті билік келесі жылға қалдырмай, аяқтауға шешім шығарыпты.

Нұрбек Әбішев, мердігер ұйымның директоры:

- Бұл үй барлық құрылыс нормасына сай сапалы етіп салынды. Коммуникациялық желілерге толық қосылған. Бәрі толыққанды жұмыс істеп тұр.

Бұл осымен Сарыарқа шағын ауданында бой көтерген 22-көп қабатты үй. Келесі жылы тағы 10 үйдің құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қаржы да қарастырылған. Қосымша 5 тұрғын үй нысанын тұрғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Достық шағын ауданының құрылысы басталады. Барлық жоба жүзеге асатын болса, Павлодарда 200 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілмек.

Қайрат Нүкенов, қала әкімі:

- Келесі жылы біз көрсеткішті 250 мың шаршы метрге ұлғайтпақ ойдамыз. Бұған барлық жағынан мүмкіндік бар. Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Кезінде Алюминстрой ауданы аталған бұл аумақта мынандай бірыңғай екі қабатты ескі үйлер болатын. Кейін олар сырылып, орнына көп қабатты үйлер түсті және де жаңа Сарыарқа шағын ауданы пайда болды. Бұл жерде қазір 10 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Олардың 1,5 мыңы балалар екен. Сондықтан бұл жерге мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар керек. Жергілікті билік келер жылы дәл осы жерде 650 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатынын сөз етті. Сол сияқты жеке инвестициялар есебінен балабақша, өзге де спорттық нысандар пайда болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий