Хабар телеарнасы

Полиция 13 жастағы Денис Матвеевке іздеу салды

28 қарашада түс ауа мектептен шыққан ол үйіне оралмаған. Содан бері полиция қызметкерлері, еріктілер жұмылып, қанша іздесе де таппай жатыр. Денис бұдан бұрын да бірнеше рет үйден қашқан екен. Баланың жақындарынан безіп, із жасыруына не себеп?

Рудный қалалық полиция қызметкерлері бір аптадан бері аяғынан тік тұрып 13 жасар Денис Матвеевті іздеп жүр. Оларға еріктілер қосылып, барлығы 200-ден астам адам қаланы бастан-аяқ сүзіп шықты. Бірақ әзірге нәтижесіз. Бұл – оқу жылы басталғаннан бері аралықта Денистің үшінші рет қашуы. Алдында тәртіп сақшылары оны саяжай учаскесінен тауып алған. Бұл жолы да ешкім жамандыққа қиғысы жоқ. «Бір жерде жасырынып жүрген шығар», –дейді. Үш-төрт күн бұрын Денисті көргендер де бар екен.

Мұрат Мінайдаров, Рудный қалалық ПБ басшысының орынбасары:

- 28-і күні кеткенде қоңыр курткада болған, қолында қара сөмкесі бар. Содан кейін бірге оқитын балалары 30-ы күні көргенде үстіндегі курткасын ауыстырып, қара куртка киіп, басына сұр тақия киіп, киімін ауыстырып, тығылып жүргенін айтты.

Әріден бастасақ, Дениспен оның туған қарындасы Фаинаны 6 жыл бұрын Огневтер отбасы балалар үйінен асырап алған. «Өгей» деген аты болмаса, аналық мейірім мен әкелік қамқорлықтан еш кенде болған жоқ», – дейді білетіндер. Сыныптастары да, мектеп мұғалімдері де Денисті әдепті, тәртіпті бала деп отыр.

Гүлзада Бисеналиева, мұғалім:

- Ол баланы жақсы жағынан айта аламын. Ол өте ақкөңіл, сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы болатын. Ал сабақ жағынан оқуы орташа, бірақ үй жұмыстарын әзірлеп келеді.

Себепсіз қайта-қайта үйден қаша берген соң, психологиялық, эмоциялық жағын бақылау үшін мамандарға да апарып көрсеткен. Тіпті балалар үйіне қайтару жөнінде шешім шығарылған.

Шынар Валиева, мектеп директоры:

- Біз тиісті сала мамандарымен бірлесіп, балаларды отбасына бейімдеу бағытында біраз жұмыс атқардық. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша комиссия отырысынан кейін Денисті психиатрға қаралту жөнінде шешім қабылданды. Ата-анасы апарып көрсетіп еді, жүйкесінде ешқандай ауытқу анықталмады.

Біз сөйлескен Денистің таныстарының бәрі «қанғыбастық оның қанында бар» деген ұйғарымға келіп отыр. Үйден далаға қашқысы келіп тұратындығын өзі де анасына мойындапты. Бірақ әбден бауыр басып қалған баласынан анасы күдер үзгісі жоқ. «Ең бастысы ештеңеге ұрынып қалмаса екен», – деп жандарын шүберекке түйіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг