Хабар телеарнасы

Жер бетіндегі климат өзгерісінің адам денсаулығына әсері күшейді

Еуропаны неге жыл сайын су басады? АҚШ неге дауылдан көз ашпайды? Африкада құрғақшылық неге күшейді? Адам мен табиғат арасындағы байланыс неге ажырады? Ғалымдар: «Бұған адамзаттың өзі кінәлі», – дейді. Мамандардың айтуынша, жаһандық температураның өсуімен теңіз деңгейі көтеріліп, жауын-шашын молайып, ал Жердің кейбір өңірлерінде құрғақшылық арта түседі.

Бұл – Гренландияның шығысындағы Хельхейм мұздығы. Мына кадрларды америкалық зерттеушілер түсірген. Осылай жарты сағатта ғана аралдағы ең ірі мұздықтардың бірінен алып айсберг бөлініп кетті. Ауа райының жылынуынан әлемдегі мұздықтар ауданы қысқарған. Салдарынан мұхит дейгейі біз болжағаннан жылдам көтеріліп жатыр. Ғалымдардың дабыл қаққанына біраз болды. Ал биыл шілде айы метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық ай болды.

Гэвин Шмидт, климатолог, Ғарышты зерттеу институтының басшысы:

- Жаһандық жылынудың әсері байқала бастағаны хақ. Су тасқындары, кей өңірлерде күрт аптап ыстықтың болуы, жауын-шашын мөлшерінің артуы, экожүйенің өзгеруі соған дәлел. Климаттың өзгеруіне атмосферада парниктік газдың артуы, яғни көмірқышқыл газының көп мөлшерде тарауы себеп. Атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері жыл сайын ұлғайып келеді.

«Жылыну ауа райының күрт өзгеруіне, күннің шамадан тыс ысып кетуіне, теңіздің толқуына, құрғақшылыққа немесе толассыз жауын-шашынға алып келуі мүмкін», – дейді ғалымдар. БҰҰ мәліметінше, климаттың өзгеруі жаһандағы шиеленістердің көбеюіне де себепші болады. Жыл сайын табиғат апаттарының салдарынан 20 млн адам өз үйлерін тастауға мәжбүр.

Ханс Брюйнинкс, Қоршаған орта бойынша еуропалық агенттіктің атқарушы директоры:

- Қазірдің өзінде орны толмайтын залалға куә болып отырмыз. Климат өзгеріп, биоалуантүрлілік жойылып барады. Мұхиттардың көлемі мен келбеті өзгерген. Жедел әрекет етуіміз керек.

Іске кірісетін уақыт жетті. Дәл осындай ұранмен осы аптада Мадридте климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ конференциясы басталды. Самитті ашқан БҰҰ Бас хатшысы: «Кез келген адам климаттың өзгеруімен күресу керек», – деді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Құр айтып қоймай, сөз бен істің бірігуі тиіс. Барлық саясаткерді іске білек сыбана кірісуге шақырамын! Қоршаған ортаның ластануы халықты алаңдатып отырғанын бәріміз білеміз. Алайда нақты нәтиже болу керек.

Жиынға қатысушылар климатты қорғау бойынша 2015 жылы қол қойылған Париж келісімін талқыламақ. Құжаттың шарттары орындалмаса, климаттың өзгеруінен 2030 жылдан бастап жыл сайын кемінде 250 мың адам көз жұмады. Әлемнің 100-ден астам елінде жүргізген зерттеудің нәтижесінде ДДСҰ осындай қорытындыға келген.

Диармид Кэмпбелл-Лендрум, ДДСҰ өкілі:

- Климаттың өзгеруі – XXI ғасырда адам денсаулығына төнген ең үлкен қауіп. Көмірқышқыл газының мөлшерін азайтпасақ, адам өміріне қажетті ауа мен судың сапасы нашарлай береді. Ал денсаулық сақтау саласындағы еңбек зая кетеді. Әлемде ауаның ластануынан жылда 7 млн адам қайтыс болады. Париж келісімі орындалуы үшін Денсаулық сақтау мен Көлік және энергетика министрліктері бірігіп жұмыс атқаруы керек.

Ауа райының күрт өзгеруі адамның тұрмысына да кері әсер етері түскінікті. Сондықтан адамзат қарекетке көшіп отыр. Париж келісімінің аясында Қазақстан да мойнына үлкен жауапкершілік алды. Жаһандық жылынуды жеңу үшін 2030 жылға қарай парниктік газдардың мөлшерін 45% азайтып, ал 2050 жылға дейін нөлге дейін төмендету қажет.

Авторы: Меруерт Жақан