Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында спортшыларға арналған киімдер тігіле бастады

Отандық өнімге тіпті сонау Америка, БАӘ мен Еуропадан сұраныс түсіпті.

Мына коллекция киімдерін Қазақстанның жас гимнастшылары алдағы аптада Елордада өтетін ашық чемпионатта киіп шықпақ. Отандық өнімді бағалаушылардың айтуынша, денеге қонымды, әдемі әрі бағасы да қолжетімді.

Әсел Жекенова, кәсіпкер:

- Қызым көркем гимнастикамен шұғылданады. Өткен қыста қызыма арнап спорттық киім тігіп берген болатынмын. Облыстық федерацияның бапкерлері костюмді ұнатып, өзге де спортшы қыздарға тігіп беруімізді өтінді. Көркем гимнаситикадан соң, каратэ мен шахматшылардан сұраныс түсті. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Москва мен Израильге киімдер жібердік.

Тігін шеберханасын Әсел мен Назым есімді апалы-сіңлілі қос сәнгер басқарады. Бірі әкімшілік жұмыстарды реттесе, екіншісі киім үлгілерін дайындаумен айналысады. Соңғы 2 жылда жүкті әйелдерге арналған киімдер тігіп, еліміздің батысын қамтамасыз еткен тігін шеберханасы қыркүйектен бастап спорттық киімдерге басымдық беруде.

Назым Нәдірбаева, сәнгер:

- Спорттың түріне қарай біз әртүрлі үлгілерді, материалдарды пайдаланамыз. Біздің спортшылар әлемдік жарыстарға барғанда көптің ішінен ерекшеленіп тұрсын деп, «Қазақстан алға!» деген жазу мен ұлттық ою-өрнектер саламыз. Әсіресе жеңіске жетіп, марапатталған сәтте бұл әсерлі көрінеді.

Бүгінде бұл бренд Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің одағына енген. Шеберханада 15 адам еңбек етуде. Бір күнде олар балалармен қатар ересектерге арналған 100 дана киім тігіп шығарады.

Махаббат Кәрімбаева, тігінші:

- 2017 жылы алғаш рет осында келіп практикадан өттім, колледжде оқитынмын. Кейін жұмысқа келдім. 2 жыл болды осында жұмыс істеп жатырмын. Тігуді, тігін машинасын қалай басқаруды үйрендім. Кейін пішуді үйреніп алдым. Қазір бәрін білемін деп айта аламын.

Шағын ауылда орналасқан тігін шеберханасы аяққа нық тұрып келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында 2 қабатты жаңа ғимаратқа көшетін болды. Қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа жылдан бастап жүкті және бала емізетін әйелдердің іш киімін тігуді де қолға алмақшы.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев