Хабар телеарнасы

Катардағы ірі банктердің бірінің филиалы ашылады

Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани мәлімдеді. Катардың ірі қаржылық құрылымдарының басшыларымен кездескен Президент қаржы саласындағы өзара іс-қимыл, инвестиция тарту мәселелерін де талқылады. Катар – Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді серіктестерінің бірі. Әсіресе қаржы мен инвестиция саласындағы әріптестіктің әлеуеті зор. Сондықтан Қазақстан Президенті: «Катар делегациясының бұл сапары біздің ел үшін маңызды», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы маусым айында Душанбеде Катар Әмірімен кездестім. Сол кезде біз екі мемлекет арасында дәнекер болатын нақты іс-қимылдарды күшейту жөнінде уағдаласқан едік. Мен оны Қазақстан астанасына ресми сапармен келуге шақырдым. Осыған байланысты сіздердің сапарларыңыздың біз үшін маңызы аса зор деп ойлаймын.

Абдалла Әл Тани, Катар Орталық банкінің төрағасы:

- Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын білесіздер. Біздің сапарымыз осы тенденцияны одан әрі тереңдете түсуді көздейді. Елдеріміздің қаржылық құрылымдары арасында терең әрі тығыз байланыс орнаған. Біз бір-бірімізбен банк, қаржы және инвестиция бағыттары бойынша ықпалдастық жасап келеміз. Кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Катардағы ірі банктердің бірінің филиалын ашу жөнінде уағдаластық.

Сонымен қатар Катар қаржыгері «екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының тезірек ашылуы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түседі» деген пікір айтты. Қазір Қазақстан мен Катар арасында визасыз режим тәртібі енгізілген. Енді жыл соңына дейін аптасына жеті рет Нұр-Сұлтан – Доха және Алматы – Доха бағытында тікелей әуе рейстері ашылады деп жоспарланып отыр.