Хабар телеарнасы

Қызылорда облысындағы апат салдарынан 8 адам қаза тапты

Сондай-ақ мұнай компаниясының өкілдері марқұмдардың студент балаларына стипендия тағайындалатынын жеткізді. Жарақат алған азаматтардың ем-дом шығынын да серіктестік өз мойнына алып отыр. Еске сала кетсек, Құмкөл кен орнынан Шымкентке бет алған автобус аударылып, 8 адам көз жұмды.

Бұл – апат болған кездегі алғашқы бейнесуреттер. 15 күндік ауысымды аяқтап, «Кеңлік» кенішінен үйіне оралуға шыққан мұнайшылар мінген автобус таңғы сағат 05:30 шамасында Құмкөл – Қызылорда тасжолының 70-шақырымында аударылған.

Шамшидин Әмитов, ОПД бастығының бірінші орынбасары:

- Оқиғаның негізгі орын алу себебі – асфальттың жоғары қабатының тайғақ болуы. Ауа райының күрт өзгеруінен жүргізуші автобусты басқару жүйесіне ие бола алмай, жолдан шығып, автобус аударылған. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Негізінен бірінші мәліметтерге сәйкес, барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының азаматы екен.

Автобуста болған 36 жолаушының 8-і қайтыс болып, 21-і ауруханаға жеткізілді. 8-і жансақтау бөлімінде жатыр. Олар ауыр бас ми және жұлын омыртқа жарақатын алған.

Алмас Әбілпатта, облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда ол науқастардың үшеуіне операция жасалынды. Қалған 7 науқастың 3-еуі травмотология, 4-еуі нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. 5 науқас жеңіл жарақатпен амбулаторлық емге қайтарылды.

Мұнай компаниясы марқұмдарды жерлеу және ем-дом шығындарын толық өтейді. Жалпы мекеме жұмысшыларын тасымалдаумен 10 шақты жеке автобус айналысады екен.

Файзулла Абдуллаев, «Саутс-Ойл» ЖШС қауіпсіздік қызметінің директоры:

- «Қалмырза» деген жеке кәсіпкердің жалдамалы автобусы болатын. Ол жолда бұзылған, содан кейін кәсіпорын бастығы резервтегі автобусты жіберген. Сол 2-автобус апатқа ұшырады. Ол 2-автобусты біз көрдік деп айта алмаймыз. Барлық көмекті жасаймыз. Марқұмдардың отбасына материалдық жәрдем көрсетіледі.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Мұнай компаниясында осындай вахталық автобус апаты осыдан 10 жыл бұрын қайталанған екен. Ол кезде 4 мұнайшы қаза тапқан. Бүгінгі жол-көлік оқиғасы болған дәл сол жерде араға жарты сағат салып жанармай тасушы көлік те аударылыпты. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бұл ретте барлық бағыттағы жол бойын тазалап, құм сеуіп, апаттың алдын алу шараларын күшейткен жөн секілді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев