Хабар телеарнасы

Байқоңырда ұшақтар мен тікұшақтар құрастырылуы мүмкін

Сонымен қатар Қызылордада раушан гүлі плантациялары пайда болады. Агрожобаны нидерландтық кәсіпкерлер жергілікті шаруалармен бірігіп жүзеге асырмақ. Осы және өзге де құны 100 млрд теңгенің бизнес бастамалары ХІ халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумында таныстырылды.

«Қызылорда: Тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер» атты форумда 14 мемлекеттен келген 300-дей шетелдік және отандық бизнес өкілі жергілікті тауар өндірушілер көрмесімен танысып, аймақтың даму тынысына шолу жасады. Invest жиында 14 өнеркәсіптік, 9 ауылшаруашылық және мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясындағы 3 жоба бойынша келісім жасалды.

Ким Дэ-Сик, Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Корей елі бұған дейін Қызылордада күріш өсіру, сексеуіл егу және білім беру салалары бойынша бірнеше жоба жүзеге асырды. Енді бізді ғарыш саласы қызықтырып отыр.

Андре Карстенс, Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Ауыл шаруашылығындағы бай тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Қызылордада заманауи жылыжай кешендерін салып, гүл және қызанақ егуді бастаймыз. Барлық ресми құжат дайын.

2013 жылдан бергі 10 форум нәтижесімен 130 меморандумға қол қойылып, облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған болатын. Ал 11-ші рет ұйымдастырылған пленарлық отырыс пен секциялық жиында «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймақ құрудың перспективалық мүмкіндіктері таныстырылды.

Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімі:

- Арнаулы экономикалық аймақ жобасы жасалды. Үлкен туристік кластер жасау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жергілікті бюджеттен 80 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, техника-экономикалық негіздемесі жасалды. Қазір мемлекеттік сараптамада тұр. Барлық мемлекеттік органнан зерделеуден өтіп, сыртқа беруге дайынбыз.

Форум қатысушылары үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағына және «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне экскурсиялық тур ұйымдастырылды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев