Хабар телеарнасы

Екібастұз ауылдық аймақтары толығымен ауызсумен қамтылады

Бәйет ауылының тұрғындары үшін қос мереке. Себебі орталықтандырылған су жүйесі ауыл тарихында болмаған. Осы жылдың көктем айларында қолға алынған жобаны мердігерлер мерзімінде аяқтап шықты.

Исламбек Құлтуманов, мердігер компанияның директоры:

- Біз шамамен 12 мың метр су жүретін құбыр өткіздік. Тереңдігі 50 метрлік екі ұңғыма қазылды. Геодезиялық институттың мәліметтері бойынша, мұндағы судың қоры жүз жылдан аса мерзімге жетеді.

Баяш апа бұрын судың сапасына алаңдайтын. Өйткені кермек татитын құдық суын ішіп келді. Бүгінде су үйдегі краннан ағып жатыр. «Оған сенер сенбесімді білмеймін», – дейді өзі.

Баяш Сәбиқызы, ауыл тұрғыны:

- Су бір-екі айдың ішінде келді. Ел-жұрт болып қуанып жатырмыз. Бұрын суды құдықтан алатынбыз, енді үйімізге келіп тұр. Қаладан ешбір айырмашылық жоқ. Кем емеспіз, бәрі жақсы.

Айтса айтқандай, ауыл тұрғындары жуынатын бөлмелерін толық қаладағыдай жабдықтап алған.

Айгүл Наурызхан, ауыл тұрғыны:

- Ыстық су, суық су ағып тұр. Міне, мында жуынамыз. Осындай су келіп тұрғанына қуаныштымыз. Барлық жағдай жасалған.

Бәйет ауылы жылдан жылға көркейіп келеді. Жаңа үйлер салынып, дүкен, мейрамхана ашылған. Бұл ауыл елордаға апаратын автобанның бойында орналасқан. Жол бойында қызмет көрсету кәсібін ашуға мүмкіндік туып отыр. Сондықтан орталықтандырылған су жүйесі аса қажет.

Ғазиз Оспанов, Екібастұз қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Екібастұз өңірінде екі селолық округ Төртқұдық және Марғұлан ауылдарында қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың экспертизасы алынса, ол жұмыстарды да аяқтаймыз. Жалпы 2020 жылы Екібастұз өңірін толық сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сол жоспарға жетеміз деп ойлаймын.

Алдымыздағы жылы тағы төрт ауылдық округте орталықтандырылған су жүйесі іске қосылады. Бағдарлама шеңберінде Екібастұз аумағы бойынша 20 мыңдай ауыл тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий