Хабар телеарнасы

Сыр диқандары 530 мың тоннадан астам күріш жинады

Көкөніс пен майлы және бақша дақылдарын еккен шаруалар да мол өнім алды. Ала жаздай атыз жағалаған ағайын: «Елбасының салалық пәрменді бастамалары арқасында қамба толып отыр», – дейді.

Сырдария ауданындағы ірі күріш компаниясында 800-дей адам еңбек етеді. Шаруашылық 5 мың гектардан аса алқапқа «Янтарь», «Лидер» және «Фаворит» тұқымын себеді. Екі жыл бұрын жергілікті күрішшілер Елбасы қолынан «Алтын сапа» жүлдесін алды.

Мағжан Ералиев, агрокомпания басшысы:

- Елбасымыздың ауыл шаруашылығы саласына қосып жатқан бірден-бір үлкен үлесі ол – тұқымға берілетін субсидия. Күріш суда тұрады, сол суға беретін субсидия және де өнімді экспорттасақ оған да берілетін жеңілдіктер бар. Сол жеңілдіктер арқасында мекемеміз қарқынды дамып, Қазақстандағы №1 цифрлы күріш өңдеу зауытын іске қостық.

Агротауар өнімділігіне сұрыптаушы-ғалымдар да елеулі үлес қосты. Мемлекет қолдауы арқасында ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми топ өңірде 7 жоба жүзеге асырды.

Құрманбек Бәкірұлы, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ҒЗИ бас ғылыми қызметкері:

- Бірнеше күріштің жаңа сорттары шықты. «Айгерім», «Сыр сұлуы», «Сәлима-1» деген сорттар осы облыстық бағдарлама бойынша биыл бірнеше шаруашылықтарда сынақтан өтіп, тұқымын көбейтіп, жақсы нәтижелер беруде.

Мамандардың айтуынша, Тұңғыш Президент пәрменімен әзірленген агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға кеңінен жол ашты. Елбасы суды көп жұмсамай, мол өнім алатын дақылдар түрін көбейтуді тапсырды. Барлық бастама өз тиімділігін көрсетіп, жемісін беріп отыр. Ағымдағы жылы сырбойылық шаруалар 106 млрд теңгенің азық-түлік өнімдерін өндірді.

Өмірхан Пашкенов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- 2013 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тек қана 3 түрін экспортқа шығаратынбыз. Қазір мұның саны 18-ге жетті. Бірінші кезекте балық, одан кейін күріш жармасы, қауын, көкөністер, сосын тірідей малды сыртқа шығару жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр.

Асыраушы саланы дамытуға бағытталған Тұңғыш Президент тапсырмасы арқасында өңірде азық-түлік қоры жинақталып, халық көп тұтынатын агротауарлар бағасы тұрақтандырылып келеді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов