Хабар телеарнасы

Ел өңірлерінде Тұңғыш Президент күніне орай ашық сабақтар ұйымдастырылды

Ал Тараздағы білім ордаларында қоғам қайраткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен еліміздің қалыптасуына қосқан ерен еңбегі туралы әңгімеледі.

Белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген көп жылдан бері Тұңғыш Президент туралы қалам тербеп жүр. Ол жамбылдық оқушыларға егемен елдің қалыптасуы мен бүгінгі жетістіктеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан өлшеусіз еңбегі туралы айтып берді. «Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүгінде Қазақстан саяси ахуалы тұрақты, экономикасы дамыған елге айналды», – дейді ол.

Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мен «Egemen Qazaqstan» газетінде журналист болып жүргенде Елбасымен бірге талай іссапарда бірге болдым. Сол кезде шетелде Қазақстан Президентінің ерекше құрметті екеніне талай куә болдым. Әр аймақты аралаған кезде Елбасы Қазақстанның барлық облысындағы әр азаматты танитын. Ол өз елінің барлық азаматын өзіндей қарайтынын білдіреді.

Ал Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің 8-сынып оқушылары топ-топқа бөлініп, Тұңғыш Президенттің ел үшін атқарған еңбегі жайында пікір таластырды. Бірі Елбасының жас маман кезіндегі жігерін, енді бірі оның сыртқы саясаттағы абыройын, тұлғалық тұғырын үлгі етті.

Димаш Абдрашит, 8-сынып оқушысы:

- Бүгінгі сабақ өте қызық өтті. Елбасының өмірімен және еңбек жолымен таныстық. Нұрсұлтан Назарбаев қарапайым отбасында өсіп, жұмысшы болып, Президенттікке дейін көтерілді. Ол кісінің өмір жолы – маған үлгі. Мен де сабағымды жақсы оқып, белсенді оқушы болып, болашақта көшбасшы болғым келеді.

Оралдағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде өткен ашық сабақта Қазақстанның қазіргі қол жеткізген табыстары сараланып, ел дамуындағы Елбасының еңбегі баяндалды. Сабақ барысында оқушылар еліміздің даму кезеңдерін зерделеп, болашағына болжам жасады.

Еркін Есенжолов, 8-сынып оқушысы:

- Бұл сабақта оқушылар 3 топқа бөлінді. Олар: зерттеушілер, аналитиктер және стратегтер. Әрқайсысының өз мағынасы бар. Зерттеушілер Н.Назарбаевтың өсіп-өнгенін, осы сабаққа қатысты тақырыптарды зерттейді. Ал аналитиктер еліміздің экологиялық өзекті жағдайларына баға береді. Ал стратегтар даму жолындағы қозғалыстарды бақылайды.

Елбасының қажырлы еңбегін паш етуге арналған ашық тәрбие сағаты СҚО-дағы 475 білім ошағында да өтіп, 71 мыңнан астам оқушы қатысты. Үздік оқушылар «Жас ұлан» ұйымына қабылданып, Елбасы жайлы арнайы фильмді тамашалады.

Бекзат Бағдат, оқушы:

- 1 желтоқсан – тарихымыздың ақ парағы ашылған күн. Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді бірлікке шақырған Ұлт көшбасшысы осы күнде ел тізгінін ұстады. Аталмыш мереке қарсаңында «Жас ұлан» ұйымына қабылданып, ант бердім. Сабағымды жақсы оқып, Елбасы секілді елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді.

Атыраудағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушылары болса, Елбасының егемен еліміздің қалыптасыуына қосқан үлесі туралы өз ойларын ортаға салды.

Авторы: Гүлмира Әбішева