Хабар телеарнасы

«Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» республикалық ашық сабақтары өтті

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасып, дамуына қосқан Елбасының үлесі айрықша. «Назарбаев феномені» – өте көп қырлы құбылыс. Ал бұл феноменді зерттеу Қазақстанның жаңа заманғы тарихын түсіну үшін ғана емес, сонымен қатар күллі әлем дамуының қазіргі заманғы процестерін ұғу үшін де маңызды. Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің барлық білім беру орнында «Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» атты жалпыреспубликалық ашық сабақтар мен дәрістер ұйымдастырылды. Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де аталған шараны қолдап, Парламент Мәжілісінің депутаты, Елбасы туралы бірнеше кітап жазған, танымал ғалым, журналист Сауытбек Абдрахмановтың «Көшбасшы феномені» тақырыбында дәріс өткізді. Сауытбек Абдрахмановтың сөзімен айтсақ, «1 желтоқсан – біздің демократиялық даму тарихымызды жаңаша бастаған, бүкілхалықтық таңдау жасалған күн». Дәрістің мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін, қоғамдық-саяси қызметі мен еңбектерін кеңінен насихаттау.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 1 желтоқсан – біздің демократиялық даму тарихын жаңаша бастаған күніміз, бүкілхалықтық таңдау жасап, «елім» деп сенген ерге тізгін берген күніміз, конституциялық талаптар бойынша президенттік республикаға айналған күніміз. Осындай күнге орайластырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығы дәріс оқуға шақырғанын разылықпен қабыл алдым. Елбасының өмірі мен қызметі туралы студенттерге айтып бердім.