Хабар телеарнасы

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлердің реестрі құрылды

Пилоттық жоба аясында өңірлердегі әлеуметтік мәселелермен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысы бір жүйеге келтірілмек. Бүгінде Қазақстандағы 152 кәсіпкер әлеуметтік жобаларға қатысады. Олардың есімі арнайы реестрге жинақталды. Игі бастамамен айналысып жүргендердің саны бойынша Түркістан облысы, Алматы және елорда көш бастап тұр. Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті қандай?

Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Оларды өмірге бейімдеу, жұмысқа орналастыру – өзекті мәселе. Қамқорлыққа мұқтаж жандарды жұмыспен қамтудың бір жолы – әлеуметтік кәсіпкерлік. Осындай игі іспен айналысып жүргендердің бірі – Эмин Әскеров. 4 жыл бұрын елордада оның жетекшілігімен шеберхана ашылған. Бұл кәсіпорында темір, ағаш, тігін және безендіру цехтары мен көркемөнер студиясы бар. Орталықтың басты мақсаты – мұқтаж жандарды оқытып, жұмыспен қамту. Қазір мұнда 42 адам еңбек етеді, оның 37-сі әлеуметтік әлжуаз топ өкілі екен.

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

- Әлеуметтік әлжуаз топқа жататын кез келген адам бізге келіп, белгілі бір істі үйрене алады. Кейін оларды жұмысқа орналастырамыз. Бұған қоса, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің аясында кәсіпкерліктің осы түрімен айналысқысы келетіндерді үйретіп, оларға бағыт-бағдар беремін. Әлеуметтік кәсіпкерлердің мақсаты табыс табу емес.

Әмір Сүлейменов Олимпиадаға бара жатқан кезде жол апатына ұшыраған. Қазір өзі әлеуметтік кәсіптің тізгінін ұстап отыр.

Әмір Сүлейменов, әлеуметтік кәсіпкер:

- Мен интернет технологиялар мектебін аштым. Сабақтарымыз онлайн және офлайн өтеді. Әлеуметтік әлжуаз топ үшін жеңілдіктер қарастырылған. Осы күнге дейін 200 адамды оқытып үлгердік.

Алайда қайырымдылық пен кәсіпкерлікті ұштастырып, қоғамдағы түйткілдерді шешуге атсалысып жүргендерді қапаландыратын мәселелер де бар.

Әмір Сүлейменов, әлеуметтік кәсіпкер:

- Бізге ерекше қолдау керек. Мысалы гранттар бар. Бірақ олар кәсіпкерлікті ашуға ғана беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлерге арнайы қарастырса деген тілегім бар. Себебі біз кірісіміздің бір бөлігін қоғамға көмек көрсетуге жұмсаймыз. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынамыз. Өнімдеріміз де соған бағытталған.

Рахима Мұқышева, әлеуметтік кәсіпкер:

- Қазіргі таңда салықты кәдімгі кәсіпкер ретінде төлейміз. Жеңілдіктер жоқ.

Жалпы кәсіпкерліктің бұл түрі елде енді-енді дамып келеді. Сондықтан болар, нақты «әлеуметтік кәсіпкер» деген мәртебе жоқ. Табысының жартысынан көбін әлжуаз топтарды қолдауға арнайтын кәсіп иелерінің өзіне де қолдау керек.

Зульфия Абдухаликова, жобаға қатысушы:

- Кәсіпкерлеріміз немен айналысады? Қай өңірде тұрып жатыр? Жалпы «әлеуметтік кәсіпкер» деген кім? Осы секілді сауалдарға жауап іздегіміз келді. Реестрдің арқасында кәсіпкерлеріміз ҮЕҰ ретінде де жұмыс істеп жатқанын түсіндік.

Бізде мемлекеттік деңгейде әлеуметтік кәсіпкерлікке арнайы түсініктеме беріп, анықтамасы заңмен бекітілмеген. «Ал қолдау күшейсе, бизнес экономикаға ғана емес, әлеуметтік саланың бойына да қан жүгіртуге қауқарлы болады», – дейді мамандар.

Авторы: Меруерт Жақан