Хабар телеарнасы

Оралда бірқатар үйде жылу есептегіштер істен шыққан

Орал қаласында 1 185 көпқабатты үйдің 981-інде есептеу құралы бар. Соңғы жылдары салынған 41 үйде ортақ есептегіштен бөлек әр пәтерге осындай жабдықтар орнатылған.

Осы арқылы жылу қуатын үнемдеуге және коммуналдық төлемге кететін қаржыны қысқартуға болатынына көпшіліктің көзі әбден жетті. Алайда соңғы кезде монополист кәсіпорын «есептегіштер тексерілмеген» деген желеумен әр шаршы метрге ақы сұрауды қайтадан бастаған.

«Батыс сервис» атты басқарушы компанияның қарауында 31 көпқабатты үй бар екен. Соның 19-ында әр пәтерге жылу есептегіштер орнатылған. Мұндай үйде тұрғындар күн райына байланысты қажетті жылуды өздері реттеп отырады. Осы арқылы қаржыны да үнемдей алады.

Нұрлан Рақымжанов, көпқабатты үйлерге қызмет көрсетуші компанияның басшысы:

- Тұрғындарға тиімді жағы: әр пәтер иесі үйінде тұрмаса немесе ыстық болса, кіреберістен жылуды жауып реттей алады. Салқын болса, қайта ашып, үйлерін жылумен қамтамасыз ете алады. Төтенше жағдай болғанда ПИК-ке хабарласып жүрмей, кранды өздері-ақ жауып, кез келген жағдайдың алдын алады.

Жылу есептегіштер Орал қаласында 41 көпқабатты үйде бар. Алайда әлі күнге дейін соның 13-і ғана төлемді жаңа жүйе бойынша есептейді. Қалғандары ортақ есептегіштің көрсеткішіне тәуелді. Оған себеп: шаһарда есептеу құралдарын жөндейтін және тексеретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Ал заң бойынша барлық пәтердегі есептеу құралдары жарамды болуы әрі 4 жыл сайын арнайы тексерістен өтуі тиіс.

Ағила Тоқбергенова, тұрғын:

- Бірінші жылы жылыту маусымында төлем 12 мың болып шықты. Менің 2 бөлмелі пәтерім бар. Ол 62 шаршы метрді құрайды. Ал биылдан бастап әр шаршы метрге 142 теңге алып жатыр. Мысалы, менде қазан айының 8-і мен 22-сі аралығына жылуға 6 мың теңге келіп тұр. Айырмашылықты қараңыз, жер мен көктей. Мен оған қарсымын.

Тұрғындар артық ақша төлеп жатқандарына шағымданса, монополист кәсіпорын өкілдері қыс біткен соң жертөледегі ортақ есептегіштің көрсеткіші бойынша қайта есептеу жүретінін айтады.

Бекболат Қамешев, «ЖайықЖылуҚуат» АҚ Жылу инспекциясының бастығы:

- Бізге пәтердегі есептегішпен төлемейтіндерін айтып жиі келеді. Біз оларға есептеу құралының уақыты біткенін айтамыз. Тиісті тексеруден өткізіп, сертификат алса, қайтадан сол бойынша жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, Орал қаласында мұнымен айналысатын тиісті лицензиясы бар компания жоқ.

Жылу есептегіштердің құны 50-60 мың теңгенің төңірегінде көрінеді. Бұл аз ақша емес. Тұрғындар: «Сол себепті ескісін тастап, жаңасын сатып алуға қалтамыз жұқа», – дейді.

Анаргүл Құлтоқаева, тұрғын:

- Біз есептегішпен төлеп келдік. Енді мынадай қағаз әкеліп тастап тұр ғой. Қағаз бойынша төлеуді талап етеді. Біз шаршы метрге төлемейміз. Не істесе, оны істесін. Біз есептегішпен төлейміз.

Орал қаласында 1 185 көпқабатты үй болса, соның 981-іне есептеу құралдары орнатылыпты. 827-сін жылумен қамтушы мекеме өз есебінен қойыпты. Алайда күні бүгін соның 150-і істен шыққан. Оларды жөндеп, қайта іске қосуға ешкім асығар емес.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов