Хабар телеарнасы

Қостанайда астық маусымы қорытындыланды

Салтанатты шарада қырманды алтын дәнге толтырған диқандар құрметке бөленді. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еңбек адамдары 280 мың тонна астықты қамбаға құйған. Бұл облыс бойынша алынған өнімнің оннан біріне тең.

Шаруалар үшін биылғы жыл оңайға соқпады. 40°С-ты құрғақшылық диқандарға мол шығын әкелді. Ал «Олжа Агро» серіктестігі технологияға басымдық беріп, барлық қиындықты еңсерді.

Алексей Ерин, «Олжа Агро» ЖШС Агробөлім бастығының міндетін атқарушы:

 - Бидай бойынша гектарынан 37 центнердей өнім алдық. Шіліңгір ыстыққа қарамастан, алқаптағы жағдай үнемі бақылауда болды. Егін себу шарттары ескеріліп, тұқым белгіленген тереңдікте өнді.

Холдинг алқаптарынан 280 мың тонна астық орылды. Орташа гектар берекелігі 14 центнерден айналды.

Айдарбек Қожаназаров, «Олжа Агро» ЖШС бас директоры:

- Ең басты көңіл бөлетініміз – жоспарлау. Дұрыс жоспарлау егінді жинап алуға, егін алуға және химиялық жұмыстарды өткізуге де үлкен әсер етті. Жұмыс орнында басшылардың сол жерде болуы, жұмыстың тиісті орындалуын қадағалауы маңызды болды.

Еңбек озаттарының үлесі ескерусіз қалмады. Биыл шаруашылықта 400-ден аса адам үздік шықты. Олардың қатарында отбасылық әулеттер мен бүтіндей бригадалар бар. Алексей Байназаров осындай еңбеккерлердің бір тобын басқарады. Миллион теңге сыйақыдан бөлек Баннов ауылының механизаторлары озаттар туын ала кетті.

Алексей Байназаров, «Олжа Алтын-Инвест» ЖШС директорының орынбасары:

- Цифрландырылған комбайндар бар. Кабинетте отырып GPS көмегімен техникалардың қозғалысын, жанармай шығынын, жұмыс өнімділігін бақылай аламыз.

Соңғы жылдары «Олжа Агро» кәсіпорнында жалақы 30% ұлғайды. Агромаусым қорытындысында еңбегі сіңгендердің жалақысына 20% үстеме ақы қосылады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров