Хабар телеарнасы

Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында жиһаз құралдарын шығаратын зауыт салынады

Бұл туралы қазақстандық Жиһаз жасаушылар мен ағаш өңдеушілер қауымдастығының 20 жылдық мерейтойында белгілі болды. Айта кетейік, бұл салада еліміз бойынша қазір 1300-ден астам кәсіпорын бар. Олар асхана, жатын бөлме, кеңсе, яғни сұранысқа қажетті барлық жиһазды жасайды. Мамандардың есебінше, отандық және импорттық тауарды қосқанда жыл сайын 140-150 млрд теңгенің өнімі сатылады. Демек, қомақты қаржы айналымы бар.

Қанат Ибраев, ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті:

- Мемлекет қолдауымен Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облысында жиһазға арналған тақтай шығаратын зауыт салынады деп жоспарлануда. Тиісті меморандумға қол қойдық. Шамамен 2-3 жылда алғашқы өнімді аламыз. Сол арқылы жиһаз жасаудағы отандық үлесіміз арта түсетін болады.

Қарлығаш Байбаченова, жиһаз жасау кәсіпорнының директоры:

- 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілердің жиһазы алынатын болды. Осы қысқа аралықта менің кәсіпорнымның өндірістік қуаты 70% артты. Жұмысшылар саны 10-12 адамнан 30 адамға дейін ұлғайды.