Хабар телеарнасы

Екінші Павлодар тұрғындары төтенше жағдай жариялауды ұсынып отыр

Тығырыққа тірелген тұрғындар Президент әкімшілігіне хат жолдапты. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы сараптамалық комиссия барды. Олар жергілікті тұрғындармен жүздесіп, төрт жыл бойы мәселенің шешілмеу себебін анықтады.

Анна Глухова – жалғызбасты ана. Тұрып жатқан үйінің едендері толығымен шіріп кеткен. Үйдің іші сыз. Сондықтан жиі ауыратын болған.

Анна Глухова, қала тұрғыны:

- Үйіміздің қабырғаларын көк басып тұр. Қалпына келтіруге жағдайымыз жоқ.

Көрші үйлердің де жағдайы осы. Екінші Павлодардың жекеменшік секторындағы жерасты суларының көтерілгеніне 4 жылдан асты. Судың деңгейі күзге қарай төмендеп, жаз шыға қайта көтеріледі.

Наталья Тушева, бастамашыл топтың мүшесі:

- Шынымды айтсам, біз бұл судан әбден шаршадық. Ұралар суға толып тұр. Ана құтылардың тұрғанына қанша жыл болды. Қазір су деңгейі төмендеген. Бірақ көктемде қайта толып кетеді.

Бастамашыл топтың есебіне сүйенсек, шамамен 19 көшеде, яғни 2,5 мың үйде осындай жағдай қалыптасқан. Бір жыл бұрын су жинайтын резервуар салынған болатын. Осы жылдың көктемінде кәріз желілерін тарту жұмысы басталды. Бірақ қыруар қаржыға салынған нысан мәселені шешпепті. Елордадан арнайы келген комиссия жағдайды өз көздерімен көрді.

Эдуард Лушин, компания өкілі:

- Сонау 1953 жылдан 1995 жылға дейін бұл жерде судың деңгейі 15 метрге көтерілген. Ал 2017 жылы қайраң сулар жердің бетіне шықты. Жаңадан салынған суды ағызу жүйесінің тиімділігі бар, әрине. Бірақ ол мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені жауын сулары ағатын арық пен кәріз құдығы жоқ. Сараптамалық жұмыстар келетін су деңгейінің 50% Ертіс өзеніне ақпай, осы аумаққа жайылатынын көрсетті.

Жерасты суларының көтерілуіне түрлі болжамдар айтылуда. Мәселен, бейберекет салынған үйлер мен алпауыт өндіріс ошақтарының әсерінен судың Ертіске құятын көзі бітеліп қалуы ықтимал.

Осыдан бірнеше күн бұрын Екінші Павлодарда кәріз құдығын салып жатқан мердігер компания алюминий зауытының коллекторлық құбырына нұқсан келтірген. Апаттың салдарын жоюға екі тәулік кетіпті.

Марат Сейфулин, мердігер компания директоры:

- Тереңдігі 1,5 метр ор қазсақ, құлай бастайды. Қазір жерге тоң қатып жатыр. Сондықтан жұмыс әрі қарай жеңілдей түседі. Желтоқсанның 15-іне дейін аяқтаймыз деп отырмыз.

Соңғы 4 жылда Павлодарда қала әкімі 3 рет ауысты. Ал коммуналдық мәселе сол шешілмеген күйі қалып жатыр. Тұрғындардың ендігі үміті шаһардың жаңа басшысында.

Қайрат Нүкенов, қала әкімі:

- 2020 жылы Екінші Павлодарға жүргізіліп жатқан геологиялық зерттеулер толық аяқталады. Біз соның нәтижесіне байланысты жерді құрғату жүйесінің құрылысын бастаймыз. Өйткені кәріз жүйесінің алдынан дренаж сала алмаймыз.

Ықшамауданға арнайы барған комиссия мүшелері тұрғындардың шағымын тыңдады. Жерасты суларының көтерілу себептерін қысқа мерзімде анықтап, тығырықтан шығу жолдарын табуға уәде берді.

Бейбіт Шаханов, Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Бәрі жан-жақты дәлелдермен айтылғанын көріп отырмын. Сондықтан қалыптасқан жағдайды бірлесіп шешеміз. Жуық арада бұл мәселенің оң шешімі табылады деген үмітім бар.

Тұрып жатқан үйлерінен су шығып, берекесі кеткен тұрғындардың мәселесі ерекше бақылауға алынатын болды. Жекеменшік сектордың тұрғындары бюджеттен қосымша қаржы бөлу үшін төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

Авторлары: Қ.Қасиетова, С.Темірболатұлы, М.Игіліков, А.Омельницкий