Хабар телеарнасы

Елімізде жыл басынан бері 161 көлік отқа оранған

Оның 123-і жеңіл автокөлік болса, 28-і – жүк, ал 10-ы – қоғамдық көлік. Себеп: электр сымдарының зақымдануы мен қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Мамандардың дерегіне сүйенсек, мұндай төтенше оқиғалар көбінесе қысы қатты өңірлерде болып жатады.

Бұл – осыдан екі апта бұрын өртеген көлік. Қара жолдың қақ ортасында жанып кеткен. Жүргізушінің айтуынша, бастапқыда қозғалтқыш жақтан түтін шыға бастапты. Дереу көлікті тоқтатып, тұтанған өртті ауыздықтауға тырысқан. Алайда лаулаған қызыл жалын дес бермеген соң, мамандардың көмегіне жүгінген.

«Темір табылады, жан табылмайды» дейтін жұбату сөз бар қазақта. Әйтеуір адамдар дін аман. Бастысы да сол.

Елорда жыл басынан бері дәл осындай 121 көліктің электр сымы зақымданып, жанып кеткен. Жетеуіне қасақана өрт қойылған. Ал 4 темір тұлпар дәнекерлеу не жылыту жұмыстары кезінде өртенген. Тағы темекі тартып яки қауіпсіздік ережесін сақтамаған 8 көлікті де қызыл жалын жалмаған.

Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Байқоңыр ауданының ТЖБ бастығы:

- Көбінесе аталған жабдықтарды орнату үшін кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға емес, жарнамамен өзге адамдарды тауып алып жасатады. Өз кезегінде олар ешқандай кепілдік бермейді. Сол себепті көлік иелеріне айтарым, сапалы жасайтын білікті мамандарға жүгінгендеріңіз абзал.

Өздігінен өртенген көлігіңізге кім кінәлі? ТЖК өкілдері тұрғындардың өздері тәуекелге жиі баратынын айтады. Әсіресе қатты аязда қатып қалған қозғалтқышты жылытамыз деп от жағады. Бұл – апатқа әкелетін негізгі себеп. Одан қалды сымдардың қысқа тұйықталуынан өрт тұтанады. «Сондықтан көлікті қар түспей қамдау керек», – дейді мамандар.

Владимир Кашевич, ТҚКО басшысы:

- Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қатты аяз басталмай тұрып, жүргізушілерге көліктерін тексертуге кеңес береміз. Себебі қыс қаһарына мінсе, көлікте техникалық ақаулар болады. Мәселен, сымдардың тұйықталуы, қондырғылардың дұрыс орнатылмауы, майдың тамшылауы. Мұның соңы апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алған дұрыс.

ТЖК мамандары бұл ретте жүргізушілерді барынша құлақтандырып жатыр. Көше-көшені аралап, ескерту парақшаларын таратып тұрады. Кешенді шаралар өткізеді.

Айта кетейік, биыл 161 көлік отқа оранған. Басым бөлігі жеңіл автокөліктер. Қалғаны жүк көліктері мен автобустар.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин