Хабар телеарнасы

Қостанайда 20 дәрігер баспаналы болды

Облыстық жедел жәрдем қызметіне жаңа 5 реанимобиль табыс етілді. Сондай-ақ Қостанай аудандық ауруханасының 20 дәрігері баспаналы болды.

Қостанай аудандық ауруханасында жұмыс істейтін 20 медицина қызметкері облыс әкімінің қолынан жаңа пәтер кілтін алды. Оның 16-сы – дәрігер, 4-еуі – медбике. Барлығы дерлік соңғы бір-екі жылда қолдарына диплом алған жоғары білімді жас мамандар. Баспаналы болғандардың арасында ерлі-зайыпты дәрігерлер Олжас пен Аина Қорғанбек те бар. Бірі – хирург, екіншісі – терапевт.

Олжас Қорғанбек, Қостанай аудандық ауруханасының хирургі:

- Барлық жағдайды жасап жатыр. Ақшалай да қолдау көрсетілуде. Бүгін пәтерге ие болып жатырмыз. Осындай пәтер алғанымызға өте қуаныштымыз.

Жас отбасының қоныс той қуанышына әріптестері де құттықтауға келді. Баспанадан тыс аудан-ауылдарға барған дәрігерлердің әрқайсысына облыстық қазынадан 1,5 млн тенгеден көтерме ақы беріледі. Осындай ынталандыру шараларының арқасында биылдың өзінде өңірдегі жоғары білімді медициналық қызметкерлердің қатарын 255 маманмен толықтырды.

Николай Шелудько, Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы:

- Біз аудандық орталық аурухана бойынша кадр тапшылығын жойдық деуге болады. Алматыдан, оңтүстіктен, басқа да өңірлерден «Дәрігерлер қажет пе?» деп хабарласып жатады. БІрақ қазір бас тартуға мәжбүрміз. Тек жеке кардиолог, онколог, лор дәрігерлер келеміз десе, қарсы алуға дайынбыз.

Салтанатты шара барысында облыстық жедел жәрдем қызметіне соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған 5 реанимобиль табыс етілді. Айта кетейік, биылдың өзінде осындай көліктердің 17-сі сатып алынған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг