Хабар телеарнасы

БҚО-да бала мәйітін шатастырып, өзгелердің қолына беріп жіберген

Хабарлағанымыздай, қазаққа танымал дәулескер домбырашы Ермек Қазиевтің немересін кешкісін мектептен келе жатқанда көлік қағып кеткен еді. Қайғыдан қан жұтқан әулет кеше тағы күтпеген қиындыққа душар болды. Бүлдіршіннің денесін алуға әкесі мәйітханаға барғанда қызының сүйегі жоқ болып шығады. Сұрастырса, мекеме қызметкерлері қыздың денесін басқа біреумен шатастырып, Сайқын ауылына беріп жіберген. Ол қыздың ата-анасының телефонын тауып, байланысқа шыққанша сүйек салған көлік қаладан 300 шақырымға ұзап кетеді. Әуре-сарсаңға түскен отбасы мұндай жауапсыздыққа наразы. Осы оқиғаға байланысты облыстық Әділет департаментінің басшылығы Сот сараптамалары институтына тексеру жүргізді. Бір қызметкер жұмысынан босатылып, мекеме басшысына қатаң сөгіс жарияланды.

Аманжол Әбдірахманов, Әділет департаментінің басшысы:

- Екі қыздың туған-туысқандарына көңіл айтқым келеді. Шынымен осындай жағдай болып жатыр. Кешегі болған мәселе үшін кешірім сұраймыз. Енді қайталанбайды. Осындай мәселемен санитар Сариев Мәди жұмыстан босатылды. Директор Дүйсенбаев Олжас қатаң сөгіс алды. Қыздың денесін мәйітханадан басқа туысқандары келіп біздің қызымыз деп алып кеткен. Бір жағынан эмоционалды түрде болған жағдай ғой.