19:00Эфирде: Қорытынды жаңалықтар. Біздің мақсат
20:00Әрі қарай: Тұсаукесер! "Келінжан 4"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы атап өтілді

  • Категория: Сюжеттер
Egemen Kazakstan

«Egemen Qazaqstan» газетіне 1 ғасыр толды!

Бас басылым 1919 жылдан бері жарық көріп келе жатыр. Ең алғаш «Ұшқын» деген атаумен шыққан газет 1993 жылдан бастап «Egemen Qazaqstan» болып өзгерді. Басылым егемендіктің еңсесін тіктеуге, ел бірлігін нығайтуға, отанымыздың әлемдік саяси сахнада мойындалған табыстарын дәріптеп келеді. Аға басылымның 100 жылдық мерейтойына орай елордада салтанатты жиын өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен БАҚ басшылары, қазақ баспасөзінің ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл – 1904 жылы шыққан жазу машинасы. Сол жылдары ақпараттық техниканың сұлтаны болды. Мұнымен «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкерлері жұмыс істеген. Шағын мәшеңке дерсіз. Алайда тұтас дәуірдің машақатын арқалаған ақпараттық құрал бас басылымның тарихын һәм шежіресін суреттейді. Сондықтан құнды жәдігерді қал-қадірінше әспеттеп, мерейтойда көпшілікке көрсетуге әкелді.

Салтанатты шараға келгендер газет ұжымын құттықтап, ақ тілектерін арнады. Ыстық лебізін білдіргендердің қатарында Дариға Назарбаева да бар. Ал Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын оқыды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Замана үніне айналған бас газет әр жылдары республикамыздың астанасы болған Қызылорда, Алматы қалаларында жұмысын жалғастырып, ел өміріндегі өркенді істерді оқырмандарға дер кезінде жеткізіп отырды. Газет журналистері қай кезде де халықтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тақырыптардағы қадау-қадау проблемаларын қаузап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосты. Келелі мәселелердің кесімді шешім табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты.

Тұтас тарихтың тамыры тереңде жатыр. Қазіргі аға басылым 1919 жылы «Ұшқын» деген атаумен дүниеге келеді. Бүгінде оның жарық көрген 36 саны сарғайған тігінді ретінде сақтауда тұр. Уақыт сынына қарай газет атауы бірнеше рет өзгереді. Бірақ бағыт алған жолынан адаспайды. Қазіргі таңда бас басылымның таралымы һәм қаралымы көп. Заман ағымына сай түрленген.

Дархан Қыдырәлі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ президенті:

- Министрліктің қолдауымен даму стратегиясын әзірлеген болатынбыз. Соған сай цифрлық технологияны дамытуға ерекше мән бердік. Біз аудио, видео нұсқаларды көбейте бастадық. Қазір бізде орысша, ағылшынша нұсқалармен бірге мына төте жазумен кеңірек тарайды. Сондықтан «Egemen Qazaqstan» оқырмандары да көбейіп келеді. Жалпы балама ақпарат көздері, яғни әлеуметтік желілер болсын, басқа да интернет көздері болсын, ол «Egemen Qazaqstan» өрісін кеңейтіп отыр.

Басылым егемендіктің еңсесін тіктеп, ел бірлігін нығайтуға қомақты үлес қосты. Еліміздің әлемдік саяси сахнада мойындалған табыстарын жан-жақты әрі дәйекті түрде жеткізіп отырды. Бүгінде аптасына 5 рет шығып, 200 мың тиражбен елдің түкпір-түкпіріне тарайды. Интернет нұсқалары да бар. Соның арқасында оқырмандарын әрдайым маңызды оқиғалардан хабардар етіп отырады.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков

Сондай-ақ...