Хабар телеарнасы

Зейнетақы жүйесіне Сингапур моделін енгізу қажет

Оған қатысушылардың тек 40% ғана зейнетақы жарнасын үздіксіз төлесе, қалған 30% арагідік төлем түседі. Ал қалған 30% зейнетақы қорында жинағы мүлдем жоқ.

Егер Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі өзгермесе, алдағы жылдары кедейлік шегіндегі қазақстандықтардың саны қазіргі 2 млн-нан еселеп асып кетуі бек мүмкін.

Отандық сарапшылар елдегі зейнетақы жүйесін рефомалаудың жаңа моделін ұсыныпты.

Қазір әлем халқының 9% – зейнеткерлер. БҰҰ-ның болжауынша, 2070 жылы бұл көрсеткіш 20% жуықтайды. Осыдан бір ай бұрын әлемдегі ең үздік пен ең тиімсіз зейнетақы жүйесінің рейтингі жасалды. Бұл рейтингке Қазақстан қатысқан жоқ. Отандық сарапшылар бұл ретте Сингапур моделін ұсынумен келеді.

Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:

- Қазір компаниялар өздерінің қызметкерлеріне 100 мың теңге төлеймін десе, үстінен бір 37 мың теңгедей салық төлейді. Біз соны 32-33 мыңға дейін кеміту керек екенін айтып жатырмыз. 32 мыңның 2 мыңы табыс салығы болады. Қалғаны зейнетақы төлемдері болады. Соның ішінен 10 мың Тұрғын үй құрылыс банкіне кетуі керек. Сосын оны жинап, несиеге тапсырыс беруге болады. Мұндай модель Сингапурде бар. Онда ел тұрғындарының 90% өз баспанасы бар.

Жақында біздегі бизнес қауымдастық қосымша 5% зейнетақы жарнасын төлеуге қарсылығын білдірді. Бұл түсінікті. Себебі салық 37-42% өсіп кетер еді. Мемлекет басшысы бұл өзгерісті 3 жылға шегеріп, «жыл соңына дейін ұсыныс күтемін» деген. Олжас Құдайбергенов оның шешімін атқарушы органға ұсынуға әзір. Ал Марғұлан Сейсембаев: «Зейнетақы жүйесіне мемлекетті араластыруға болмайды», – дейді.

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер, инвестор:

- Бұл Үкіметтің функциясы емес. Бұл жеке тұлғалардың, жеке компаниялардың функциясы деп ойлаймын. Дүние жүзінің тәжірибесін алатын болсақ, Үкімет отырған жердің барлығы тиімсіз болады. Бірақ Үкімет тек қана оны нарыққа бере салмай, мұқият қадағалауы қажет.

Қазір Қазақстанда баспана саясатымен 5 құрылым айналысады. Олар жыл сайын 1,5 млн шаршы метр үй салуға қауқарлы. Ал Сингапурде бір ғана құрылым 6 млн шаршы метр баспана салады. «Бұл зейнетақы моделі енгізілсе, құрылыс қарқын алып, экономикада 2% өсім болады», – деп болжайды сарапшылар. Сондай-ақ экономистер атқарушы билікке сыртқы қарызды жабуға кеңес берді. Ол үшін Ұлттық қордағы қаржыны жұмсауға болады. Сөз еткен Сингапурдың сыртқы қарызы нөлге тең. Бұрынғы Экономика министрі бұл идеяны қолдайды: «Бірақ сыртқы қарыз көп емес», – дейді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Менің ойымша, мемлекеттік активтер мен шығындарды теңгерімде ұстап отырсақ, қалыпты ахуалды бағамдауға болады. Бұл ретте мен мемлекеттік актив ретінде бюджетті ғана емес, Ұлттық қорды да меңзеп отырмын. Әрине, Ұлттық қор ақшасын жұмсай беруге қарсымын. Дегенмен ол ақша – шартты түрде 3-4% өсіммен жатқан қаржы. Оны 5-6% үстемемен қарызға аламыз. Бізге осылай пайдаға шығуға болады.

Елде жаңа Стратегиялық жоспарлау агенттігін құру да ұсынылды. Ведомство қажет реформаларды пысықтап, Үкіметке ұсынатын болады. Экономистер: «Қазақстан экономикасына батыл шешімдер қажет. Ұсыныстарды билік қолдаса, Азияда Сингапур секілді «Еуразияның екпінді экономикасы» атануға мүмкіндік бар», – деседі.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин