18:00Эфирде: Новости. Итоги дня
19:00Әрі қарай: Қорытынды жаңалықтар. Біздің мақсат
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Шымкенттік дәрігер «адам ағзасын сатты» деген күдікке ілінді

  • Категория: Сюжеттер
Shymkenttik dariger

Елімізде бүйрекке қатысты тағы бір шу шықты.

Бұл жолы Шымкентегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Дөңбай күдікке ілінді. Оған «трансұлттық қылмыстық топ жұмысына араласты» және «адам ағзасын заңсыз алды» деген айыптар тағылды. Шетелдіктерге донор тауып беруге көмектескені үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Нақты ресми ақпаратты ҚР Ішкі істер министрлігі таратты. Тергеу материалындағы деректі естісең, адам шошырлық. Қылмыстық топ мүшелерін адам денсаулығы селк еткізбеген сияқты. Өмірлік қиындыққа тап болған Өзбекстан, Қырғызстан, Украина азаматтарын тауып, бүйрегін шетелдіктерге беруге көндірген. Адам ағзасын тауар ретінде қабылдаушы негізінен Израильдің сау бүйрекке мұқтаж қалталы азаматтары болған.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы:

- Ұсталған Абылай Дөңбай қылмыстық топ мүшелерімен алдын ала сөз байласып, олардың қылмыстық әрекеттерін және адам ағзаларын сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра ақшалай қаражаттарды алып, Шымкент қаласының ауруханасында трансплантация бойынша заңсыз оталар жасалған.

Маманның айтып тұрғаны 2017-2018 жылдар аралығы. Ұсталған шымкенттік дәрігер дәл сол тұста басшылық қызметке тағайындалған. Жалпы Қазақстанда ағза ауыстыру 2012 жылы кешенді түрде қолға алынды.

Осы аралықта заңды түрде 380 ота жасалыпты. Ал қазірдің өзінде ағзасын ауыстыруды қажет ететін 3 мыңға жуық отандасымыз арнайы тізімде тұр. Соның 2397-сі – бүйрек. Оның ішінде 73 бала бар.

Сандуғаш Орынбаева, «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» РҚҚ президенті:

- Өкінішке қарай, сол науқастардың белгілі бөлігі донор кезегін күткен бойы өмірден өтуде. 2017 жылы 92, былтыр 121 адам көз жұмды. Біздің қоғам әлі күнге жол апаты, басқа да жағдайда көз жұмған туысының ағзасын сондай науқастарға беру қажеттігін түсінбей келеді. Егер олар марқұмның ағзасын алуға рұқсат етсе, бірден 5-6 адамға донор табылады.

Бұл мәселенің реттеу жолдарын іздеп жүргенде білікті дәрігерлер «заңсыз әрекет жасады» деп күдікке ілінуде. Осыдан бірнеше ай бұрын елорда да дәрігер-трансплантолог Ғ.Құттымұратовтың ұсталғаны көпке белгілі. Ол іс бүгінде сотқа жолданған.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Аян Сәрсенбаев

 

Сондай-ақ...