Хабар телеарнасы

73 мың отбасы әлеуметтік көмекті заңсыз алған

Мұның барлығы тексеріс кезінде анықталып, 156 млн теңге қазынаға қайтарылды. Енді мұндай келеңсіздіктер болмау үшін АӘК көрсетудің жаңа тәсілдерін тауып, тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Қандай өзгерістер болады?

Шынымен ұят. Шығыс қазақстандық мына әйел мемлекет берген АӘК-ті заңсыз алып келген. Табысын жасырып, өзгелері шынайы мұқтаждықпен күткен жәрдемақыны қалтасына басқан. Енді алған ақшасын қайтарып береді.

Жамбыл облысында да алдауға барып, АӘК-ті 7 мың отбасы заңсыз алған. Олар да кірісін көрсетпей, мұқтаж болып көрінуге тырысқан. Кейбірі тіпті бай адамдар болып шықты. Арасында кәсіпкерлер де бар.

Тимуржан Нұрымбетов, облыстық ЖҚҮЖӘБ басқармасының басшысы:

- Оның ішінде 933 отбасы 133,5 млн теңгені қайтаруы тиіс. Жалпы осы отбасыларға тағайындалып қойған жылдың соңына дейін 362 млн теңге тоқтатылды.

Осындай жайттар бұдан былай болмауы үшін Үкімет көмек беру тәсілін өзгертпек. Себебі қазына қаржысын қалтасына басып қалған отбасылардың саны ел бойынша 73 мыңнан асты. Қазір заңсыз алынған 156 млн теңге қайтарылды.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- АӘК-ті алушы көпбалалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, әл-ауқатын арттыру жолы болар еді. Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны отбасыдағы балалардың санына қарай 42 500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған АЕК-ке еселенген мөлшерде беру ұсынылады.

Тағы министрлік бұл жәрдемақыны өмірлік қиын жағдайға тап болғандар мен өздігімен жүріп-тұра алмайтын жандарға беруді қарастырып отыр. Ол үшін бірқатар өзгеріс жасау қажет.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біріншіден, АӘК тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау керек. Бұл бір жағынан АӘК алушылардың өз табысын жасыру жағдайларын барынша төмендететін болады. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның барлық отбасы мүшесі АӘК алу құқығынан айырылатын болады.

Келер жылы қолданысқа енгізілуі тиіс заң жобасында аз қамтылған отбасылардағы балаларға арналған әлемуеттік пакет те қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, мемлекет 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейінгілерді мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен және де оқу құралдарымен қамтамасыз ететін болады деп жоспарланған.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл мәселенің маңыздылығы жоғары екенін атап, жауапты министрлікке әкімдіктермен бірлесіп, аймақтарда АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Ал заң жобасын қазан айының соңына дейін Парламентке ұсыну керегін айтты.

Жалпы биыл 206,2 млрд теңге көлемінде АӘК төлеу қарастырылған. Осы күнге дейін оның 146,4 млрд теңгесі төленді.

Авторлары: Риат Шони, Азамат Сәметов