Хабар телеарнасы

Атырауда «Жас толқын» конкурсы мәресіне жетті

Жоба «Каспий құбыр консорциумы» және «Теңізшевройл» компанияларының демеушілігімен ұйымдастырылды.

Байқаудың 20 жылдық тарихы бар. Осы уақытқа дейін «Каспий құбыр консорциумы» дарынды балаларға арналған байқауды Ресей аумағында өткізіп келген. Биыл бұл игі шара Қазақстанда алғаш ұйымдастырылып, халықаралық дәрежеге жетті.

Қайыргелді Қабылдин, «Каспий құбыр консорциумы» бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары:

- Конкурс Қазақстанның болашақ эстрада жұлдыздарына жол ашады. Халықаралық конкурстарға қатысып, ертең біздің мақтанышымыз болады деген сенім білдіреміз.

Байқауға 9-18 жас арасында 500-ден астам жасөспірім өтініш берген. Байқау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте қазылар алқасы онлайн форматта іріктеу жасаған. Екінші кезеңде сыннан өткен 200 қатысушы Атырауға жиналып, бақ сынасты. Байқаудың ерекшілігі – барлық қатысушы және олардың ұстаздары осы шараға Қазақ ұлттық өнер университетінен келген профессорлар мен өнер жұлдыздарынан екі күндік шеберлік сабағын алып, біліктіліктерін арттырды.

Рзабек Артығалиев, «Теңізшевройл» ЖШС Үкімет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері:

- Біз олардың ішінен Ерік Құрманғалиев, Димаш Құдайберген сияқты таланттар шығатынына үміт артып отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта қазақ елінің осындай балаларына қошемет көрсетуге дайынбыз.

Бұл байқаудың өзгешелігі: демеуші компаниялар балалардың барлық шығынын өз мойнына алған. Ал бас жүлде алған маңғыстаулық «Ақкетік өрендері» аспаптар оркестрі және атыраулық Дана Мәжитова Қазақстанның намысын Мәскеу қаласында өтетін сайыста қорғайтын болады. Ұйымдастырушылар қайырымдылық жобасын жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев