10:00Эфирде: «Ән әлемі»
11:00Әрі қарай: Кино «Ең сұлу»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайды

Valdai pikirtalas kluby

Қауіпсіздіктің сан қырлы қатерін кешенді түрде шешпей, Азияның экономикалық ғажайыбын жүзеге асыру мүмкін емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясында осылай деген еді. Жиынның басты тақырыбы геосаясаттағы Шығыстың рөлі болғандықтан, Мемлекет басшысы аймақтағы мәселелерге мән беріп, оны шешудің жолдарын атады. Ол қандай түйткіл және түйіні қалай тарқайды?

Жанжал, текетірес, қақтығыстар бүгінгі күні Азияның ажарын кетіріп-ақ тұр. Мәселен, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Таяу Шығыстағы шырғалаңның оты әлі де сөнген жоқ. Қазіргі таңда Иран мен Сауд Арабиясы бір-біріне көз алартып отыр. Әрине, бұл жанжал жақсылыққа апармайды. Өйткені әлемдегі ең ірі мұнай өндіретін екі елдің қастасуы қара алтын құнына тікелей әсер етеді.

Жұмабек Сарабек, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

- Соңғы жылдары Иран аймақтағы өзінің геосаяси ықпалын, позициясын күшейтіп отыр. Мысалы, Сириядағы соғыстың нәтижесінде Иран аймақтағы ірі ойыншыға айналды. Сирия да өзінің ықпалын күшейтті. Одан бөлек қазір Иранның Ирактағы саяси ықпалы артып келеді. Сондықтан өз кезегінде аймақтағы Араб монархиялары, Араб мемлекеттері шейіттік Иранның аймақтағы бір геосаяси гигимонға айналғанын қаламайды.

Бұл қақтығыстарды тоқтату үшін ұжымдасқан әрекет керек. Президент осы сөзді баса айтты. Егер де қол қусырып отырсақ, ғаламға кесірі тиетін көмескіленген «Азияның күңгірт күндеріне» тап болуымыз мүмкін. Дәл осы бірлескен қадамды көп ұзамай жасау кажет. Өйткені күннен күнге араз елдер бір-біріне қысымды күшейтіп жатыр.

Жұмабек Сарабек, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:

- Текетірестің, өкінішке қарай, тоқтау ықтималдығы төмен. Себебін біз бүгінде байқап отырмыз. Аймақта өзіне мәмілегерлік міндетті алатын держава байқалып отырған жоқ. АҚШ – осы аймақтағы ең ірі ойыншылардың бірі. Бүгінгі таңда ол керісінше Иранға қарсы қысымды күшейтіп отыр. Мұны Сауд Арабиясы және басқа да Иранға қарсы мемлекеттер осы АҚШ-тың жаңа саясатын пайдаланып қалғысы келеді.

2020-2022 жылдары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қазақстан төрағалық етеді. Президенттің айтуынша, сол уақытта өзге де көпжақты институттармен байланыс күшейеді. Мұндай іс-қимыл бізге таңсық емес. Себебі Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке зор үлес қосып келеді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Ауғанстанның дамуына біз көп үлес қосудамыз. Біріншіден, гуманитарлық жағынан. Біз ауған студенттерін біздің ЖОО-на шақырып, оқытып жатырмыз. Ал ендігі уақытта Ауғанстанда президенттік сайлау өтпекші. Оны біз, әрине, бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені жаңа президенттермен де біз жоғары деңгейде диалог орнатуымыз қажет.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері сыртқы саясатта дипломатияны жақтап келеді. Жақтап қоймай, бейбітшілік орнату жолында айтарлықтай көп іс атқарды. Мәселен, БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатыстық. Таяу Шығыстағы елдерге гуманитарлық көмек көрсетіп, тұрақтылық туының биік екенін көрсеттік.

Президент Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындық ең дұрыс шешім екенін айтты. Енді осы ілкімді істі өзге де мемлекетте қолдаса, әлем қор болмайды.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Азамат Сәметов

Сондай-ақ...