10:00Эфирде: «Ән әлемі»
11:00Әрі қарай: Кино «Ең сұлу»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан Иран және Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімге қол қойды

  • Категория: Сюжеттер
Erevan

Еліміздің сауда-саттық көкжиегі кеңейеді.

Ереванда Қазақстан ЕАЭО аясында Сингапур және Иран елдерімен еркін сауда туралы келісімге қол қойды. Енді Сингапур арқылы 600 млн халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына жол ашылады. Ал Иран Қазақстанның 800-ден астам тауарына салықтық жеңілдіктер қарастырып отыр.

Ет өнімдерін өңдеумен айналысатын отандық кәсіпкер Алмаз Түбеков Ресейге экспорт кезінде кедергінің кесірін тартқан. «Ресей өз нарығын қорғайтыны сонша, түрлі себеп іздеп, тауарды шекара асырмайды», – дейді бизнес иесі. Көрші елдің бақылау органдары: «Жылқы етінен басқа жануардың нуклеин қышқылы табылды», – деген.

Алмаз Түбеков, ет өндіруші компанияның бас директоры:

- Регламентте нуклеин қышқылының рұқсат етілген мөлшері нақты көрсетілмеген. Бірақ «ережені бұзды» деп біздің тауарымызды өткізбей тастады. Қаншама уақыт өтсе де кедергілер болып отыр.

Әрине, мұндай мысалдар аз емес. ЕАЭО-ның сыртқы сауда айналымы 750 млрд доллар, 184 млн тұтынушысы бар үлкен нарық. Соңғы жылдары еселеп азайған экспорт мәселесін Президент жақсы біледі, сондықтан ең алдымен ішкі кедергілерді жою қажеттігін Еревандағы кеңесте де қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әрине, қазақстандық тауар экспортының азайғаны алаңдатады. Одаққа мүше елдерге экспорт көлемі 6% дейін қысқарып қалған. Кей тұстарда объективті де себептері бар, бірақ әкімшілік кедергілердің барын мойындау қажет. Сондықтан бізге ішкі кедергілерді жою жолында жұмыс істеу қажет.

«Амалын тауып, айла-шарғысын жасап, өз нарығына қазақстандық тауарды өткізбей тастау фактілері Ресей аумағында жиі кездеседі», – дейді Атамекен кәсіпкерлер палатасының өкілдері. ЕАЭО-ның регламенті мүше елдерге ортақ болғанымен, әр мемлекеттің ұлттық заңнамасы басқа нормалармен жұмыс жасайды.

Евгений Больгерт, «Атамекен» ҰКП Басқармасы төрағасының орынбасары:

- Бюрократиялық процедуралар, бақылау органдарының таусылмайтын талаптары бар, ақыр соңында кәсіпкерлер кейде шығынға да батып жатады. Сондықтан кей жерлерде регламентті жетілдіру қажет.

Кедергілер әлі толық шешілмегенімен, сауда-экономикалық кеңістік аясы кеңеюде. Енді Сингапурмен арада еркін сауда аймағы құрылады. Кеше ғана Еревандағы кеңесте келісім бекіді. 600 млн халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азияның нарығына шығу – үлкен жетістік. Қазақстан мен Сингапурдың жылдық тауар айналымы қазір 200 млн доллар ғана, себебі әзірге оларға мұнай ғана сатып отырмыз.

Жанел Күшікова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Географиялық орналасу аймағы біздің халықтан көп айырмашылығы бар ел екенін ескеру керек, яғни олардың тұтынатын тағамдары да басқа. Біз кәсіпкерлермен ақылдасып жатырмыз. Әзірге ІТ технологиялар, қаржы және аудиттік қызметтер бойынша серіктестік бар. Біз тізім бекітеміз, бұл жұмыс жүріп жатыр.

Айта кетейік, 27 қазанда Иран Ислам Республикасымен де еркін саудаласу келісімі заңды күшіне енеді. Демек, Қазақстанның 800-ден астам тауарына салықтық жеңілдіктер жасаған Иранмен сауда көрігі қыза түспек.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбын Құсанбеков

Сондай-ақ...