Хабар телеарнасы

Елімізде нәрестелерге туберкулезге қарсы екпе салынбай жатыр

Себебі вакцинаның бұл түрін өндірген мемлекет екпені кері қайтарып алған. Жапонияның фармацевтикалық компаниясы дәрі құйылған құтыға оның пластикалық қақпағының сынығы қалай түсіп кеткенін тексеріп жатыр.

Ал Үкімет вакцинаның жаңа легін сатып алу үшін басқа мемлекетпен келіссөз жүргізуде. Осы тұста ШҚО-да жаңа туған сәбилердің туыс-туғандарын, жаппай флюорографиялық тексеруден өткізіп жатыр.

Облыста қазір флюорографиялық тексеруден өту ең негізгі мәселе болып тұр. Әсіресе соңғы екі-үш айда енді сәбилі болған отбасыларға бұл – міндетті. Солардың бірі өскемендік Анастасия Летова босанған соң бір құшақ құжат жинаған. Күйеуі мен екі қызының рентген түсірілімінің қорытынды сараптамасын перзентхана әкелген.

Анастасия Летова, қала тұрғыны:

- Бастапқыда өзіміз аңтарылып, не істерімізді білмей қалдық. Одан соң, әрине, түсіністікпен қарап, күйеуім, балаларым флюорографияға түсті. Анықтаманың бәрін алып, дайындап қойдық. Барлық ауруханадан қажетті сараптаманы жинадық.

Медициналық құжаттарсыз нәрестені перзентханадан шығармайды. Ол бұйрықты облыстық Денсаулық сақтау басқармасы шығарған. Дәрігерлер тек осылай ғана нәрестені жұқпалы аурудан мейлінше қорғауға тырысып жатыр.

Гүлдер Мамылханова, дәрігер-неонатолог:

- Қазір бұйрық бойынша қажетті құжаттарды ғана талап етеміз. Өйткені екпе салынбаған нәресте кез келген уақытта ауру жұқтырып алуы мүмкін.

Дегенмен бұйрықта көрсетілген медициналық анықтамаларды нәрестенің барлық туыс-туғаны жинауда өзіндік қиындықтары бар.

Әсел Әбішева, қала тұрғыны:

- Күйеуім рентгеннен өтті. Өйткені ол – балаға жақын адам. Әкем де рентгенге түсті. Бірақ барлық туыс не үшін өтеді? Балаға екпе егілгенше басқа адамдарды жақындатпауға тырысамыз.

Дәрігерлер жаңа босанған аналарға адам көп шоғырланатын жерге бармауға кеңес беріп отыр. Тіпті өте қажет болмаса, ауруханаға да. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның жаңа легін сатып алғанша осындай қатаң ережені ұстануға тура келеді. Бірақ кейбір жағдайы бар ата-аналар қажетті вакцинаны өздері сатып алып, нәрестеге салдыру туралы ұсыныс айтқан. Бірақ дәрігерлер оны құптап отырған жоқ.

Райфа Сафиоллинова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ата-аналар вакцинаны өздері сатып алып нәрестеге салдырудың қажет жоқ. Өйткені оны біркелкі дистрибьюторлық компания бір мемлекеттен бір сериямен сатып алады. Соған сәйкес талапқа сай арнайы сертификат береді. Ол бүкіл Қазақстанның аумағында вакцина егудің күнтізбелік ережесі бойынша жарамды болады.

Денсаулық сақтау министрлігі қазір Индия елінің фармацевтикалық компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Әлемде 170 мемлекет осы елдің өнімін сатып алады. Бірақ жаңа вакцинаны алу үшін де 2-3 ай уақыт кетеді. Сондықтан осы аралықта нәрестелерінің туберкулез ауруын жұқтырып алуына алаңдаған ата-аналар вакцинаны тездетіп әкелуді сұрап отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов