Хабар телеарнасы

Өскемен қаласындағы көпірді жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған

Өскеменнің екі бөлігін байланыстырып тұрған ірі инфрақұрылымды нысанды кеңейтіп, жөндеу 5 жыл бұрын басталған. Жоба бойынша бастапқыда мемлекеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, 2-3 жылда пайдалануға берілуі тиіс болатын. Кейін жобаға түзетулер енгізіліп, қаражат сомасы да бірнеше есеге өскен. Жөндеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Көпірді салып жатқан жұмысшылар 6 айдан бері еңбекақы да алмаған.

Ертістегі көпір 1970 жылы салынған. Ол кезде көлік санына шаққанда ең үлкен нысандардың бірі болған. Ал соңғы 5-10 жылда қалада көлік нөпірі де көбейді. Қазір бұл көпірден күніне бірнеше мың автокөлік өтеді. Әсіресе таңертең және кешке бұл жерде көліктер кептелісінен керуен түзіледі. Кеңейту жұмысы басталғанда жүргізушілер қуанған еді. Алайда құрылыс өте ұзаққа созылады деп ешкім ойлаған жоқ.

Бұл көпірде жөндеу жұмысы басталғаннан бері елдің назары ауып келеді. 2016 жылы қараша айында ескі көпірдің бір бөлігі 2-ге бөлініп, бір жағы көкке көтеріліп бірнеше күн тұрған. Нысанды бөлшектеу кезінде құрылысшылардың қателік жібергені кейін анықталды. Ол кезде жұмыс қарқынды болатын. Қазір бірнеше адам ғана жүр.

Қайрат Сабырбаев, қала тұрғыны:

- Астында 1-2 адам жүреді, кей күндері мүлде жоқ. Тоқтап тұрғанына талай уақыт болды. Әсіресе таңертең және кешке көлік кептелісі болады. Негізгі жұмыстар жасалуда. Бірақ жұмысты неліктен созып отырғаны беймәлім.

Бақытжан Уәлиев, қала тұрғыны:

- Құрылысшылар қайда, бастықтар қайда? Әкімдік қайда қарап отыр? Көлік жүргізушілері қиналып бітті.

Көпір бастапқы жобада 6 жолақты болған. Кейін 8 жолақ болып кеңейтілген. Соған сәйкес көпір құрылысына жалпы 10 млрд 300 млн теңге бөлінген. Есесіне соңғы жылдары жұмыс қарқыны бәсеңдеп қалды. Нысанның басында әр жерде қалқиып бірнеше адам жүр. Жұмысшылар соңғы 6 айда еңбекақы да алмапты.

Темірхан Шенікев, жұмысшы:

- Қаржы бөлсе, бітіреміз. Қаржы бөлмесе, қалай бітіремі? 7 адам ғана жүрміз. Ақшаның бөлінбей жатқанына жарты жыл болды ғой.

Бұл көпірдің жалпы ұзындығы – 320 метр. Ал қалада құрылысы бұдан бірнеше жыл кейін басталған нысандар пайдаланылуға беріліп қойды. Дегенмен Өскемендегі осы көпірге жауапты мамандар жұмыс жопарға сәйкес жүріп жатқанын айтып асықпай отыр.

Владимир Землянский, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі стандарттарға сәйкес мұндай жобалардағы жұмыс уақыты 40 айға тең. Бұған қыс айлары кірмейді, себебі ол кезде ауа райына байланысты жұмыстар атқарылмайды. Біз уақыттан асқан жоқпыз және осы жылдың соңына дейін бұл жоба бойынша барлық жұмыс аяқталады.

5 жылға жуық көктемде қарқын алып, сары күзде саябырсып қалатын көпір құрылысы дәл биыл бітеді дегенге халықтың сенгісі жоқ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин