Хабар телеарнасы

Атыраулық ата-аналар бөбекжайлардың жекенің иелігіне берілуіне қарсы

Бүгінде 14 балабақшаның құжаттары дайындалуда. Алайда оны естігелі ата-аналардан маза қашты. Олар: «Жекеменшікке өткен бөбекжайдың болашақ иесі төлемақыны көтеріп жібере ме?», – деп алаңдаулы.

Бұл – қала іргесіндегі Тасқала ауылындағы «Рауан» балабақшасының алдындағы жиын. Сәбилері тәрбиеленіп жатқан мекеменің ендігі тағдырына алаңдаған ата-аналар әкімдіктің бастамасына жаппай қарсы пікір білдіруде. Себебі жекеге өткен балабақшаның айлық төлемақысы өзгермесіне сенбейді.

Әсем Ташенова, ата-аналар кеңесінің төрайымы:

- Төленетін сомамыз 10 мың теңгемен қалады деп сендірді. Бірақ оның солай қаларына кепілдік жоқ. Себебі біздің ауылда көпбалалы отбасылар бар. Қарсымыз, осы жаңалықты естігелі бәріміз қорқып отырмыз.

Балабақшаларды жекенің сенімгерлік басқаруына беру – жобасы Атырау үшін қанатқақты жоба. Оның артықшылықтары мен ерекшелігі туралы арнайы ұйымдастырылған келелі кеңесте жергілікті билік түсіндірді.

Ұлықбек Тінәлиев, қала әкімінің орынбасары:

- Балаларыңыз үшін бұрын қанша төлеп келсеңіздер, сол ақы өзгермейді. Кәсіпкердің қалған шығынын әкімдік мойнына алып отыр. Сондай-ақ сенімгерлікке алынған ғимараттағы әрбір өзгеріс біздің бақылауда болады. Алаңдауға еш негіз жоқ.

Алайда бұл уәжге ата-аналар сенбейді. Себебі көпшілігі жекеменшік балабақшаның жағдайымен жіті таныс. «Бала тәрбиесінен бизнес жасамақ болғандар бағаны мың құбылтады», – дейді.

Әсемгүл Қожахметова, ата-ана:

- Бағасы көтерілмейді деп 35 мың теңге болғанда балаларымызды алып бардық. Бір жылдан кейін 45 мың теңге болды. Мен төлермін, бірақ жағдайы жоқ ата-аналар да бар ғой. «Баға өзгермейді» дейді де, түбі бәрібір өзгереді.

Осылайша екіге жарылған пікірлер бір арнаға тоғыспай тарасты. Жалпы Атырау қаласы бойынша қазір 56 балабақша жекеменшіктің иелігінде. Оған қосымша биыл жеке инвесторлардың есебінен тағы 9 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Ал сенімгерлік басқаруға ұсынылғандар 1972-1986 жылдары іргесі қаланған ескі ғимараттар деседі. Оларды күтіп ұстау үшін әрбіріне бюджеттен айына 11 млн теңге шығындалады екен. Енді бөбекжайларды жекеге өткізіп, жергілікті билік бюджет үшін артық шығыннан арылмақ. Алайда оны көпшілік қолдап отырған жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов