Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінде жәрдемақы алушылар жеке кәсіптерін ашуда

Бүгінде 2 млрд теңгеден астам жәрдемақы тағайындалған. Олардың қатарында 3,5 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Бір қуантарлығы, бұл санаттағы азаматтар мемлекеттің көмегіне қарап қалмай, жеке істерін ашуға ниетті. Қолдау бар.

Бақыт Хамитова – 9 баланың анасы. Үш ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алып келген, кейін тоқтатылды. Себебі отбасы тұрмысы түзелді. Еңбекқор азаматша алғашқы айдың жәрдемақысына мал сатып алып, өсіре бастаған. Ал отағасы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қолдау көріп, шағын несиеге қол жеткізіпті.

Бақыт Хамитова, Тереңкөл ауданының тұрғыны:

- Жолдасым 2 млн теңгенің несиесін алып, 8 сиыр сатып алды. Мал басы артып келеді. Қазіргі уақытта жолдасым шөп тасып, қыстың қамын ойлап жатыр. Бізге мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Бұл мүмкіндікті қалт жібермей, жеке ісімізді ашып алдық.

Ауданда көмек алушылар қайта даярлықтан өтіп, жаңа мамандықты игере алады. Жанар Елубаева осындай мүмкіндікті пайдаланып тұрмысын жақсартты. Екі баланың анасы аспаз мамандығы бойынша қысқамерзімді курстардан өткен.

Жанар Елубаева, Тереңкөл ауданының тұрғыны:

- Екі студент балам бар. Олардың қамын ойлау керек. Мемлекеттік жәрдемақы артық болмайды. «Үшінші санатты аспаз» атандым. Енді тұрақты жұмысқа орналасып, қызмет жасап жатырмын.

Тереңкөл – тұрмысы жақсы, тіршілігі келісті аудан. Әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілген соң бюджет 10 млн теңгеден 142 млн теңгеге артқан. Нәтижесінде ондаған жанұя мемлекет қамқорлығын сезінді. Олардың қатарында Маңғұтовтар отбасы бар.

Нұргүл Маңғұтова, Тереңкөл ауданының тұрғыны:

- Жолдасым жұмыста. Балаларға төлейтін ақшаның жартысын балалардың депозитіне салып жатырмыз. Болашақта өздеріне керек болады. Екі жылдан кейін үлкен ұлым 9-сынып бітіреді.

Өңірде көпбалалы отбасылар мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие. Бүгінде 15 азамат бизнес жобасын қорғап, сертификаттарға ие болған. Енді қайтарымсыз грант алып, кәсіпкер атанады.

Валентина Кулик, Тереңкөл аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Шағын несие алады, істерін дөңгелетеді. Кірістері ұлғайған соң мемлекетке де иек артпайды. Біздің мақсатымыз да сол: барынша қолдау көрсету. Қазірде бағдарламаларға қатысуға ниетті азаматтар өте көп. Сондықтан қосымша гранттар бөлінді. Осылайша аз қамтылған отбасылардың саны азайып жатыр.

 Ауданда бұған дейін 83 жанұя көмек алса, жаңа формат енгізілген соң олардың қатары 300-ге жақындаған. Нақтырақ айтқанда, 1500-ге жуық азамат атаулы әлеуметтік көмек алушы атанған. Сала мамандары өзге де қолдау құралдары нәтижесін берсе, аз қамтылғандардың қатары азая түсетініне сенімді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков