Хабар телеарнасы

Жердің пайдаланылуы ғарыштық түсірілімдермен тексерілмек

Жиі қайталанған қуаңшылықпен қоса ауылшаруашылық жерлерінің пайдаланылмауы да егін шаруашылығының шатқаяқтауына әсер етіп отыр.

2012 жылдан бері өңірде 1 млн 566 мың гектар бос жатқан жер анықталса, соның 72% мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Теректілік Мерболат Жанғалиев шаруа қожалығын 1998 жылы құрыпты. Бүгінде 2,5 мың гектар жерге егін салады. Дәнді дақылдармен қоса мал азығын да егеді. Қазір жиын-терімді аяқтап, қамбаны толтырған. Алайда алаңдататыны: айналада бос жерлердің көптігі. Қараусыз алқаптардан түрлі арамшөп тұқымы оның егістігіне зиянын тигізеді екен.

Мерболат Жанғалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Маған 2500 гектар жетеді. Бірақ техникалық құралдары бар жігіттер жерін кеңейткісі келсе, жер ала алмайды. Барлық жердің өз қожайыны бар. Жер бос жатпау керек қой. Содан салық төленеді. Өнім көлемі де артып, облыста нанның бағасы тұрақты болады.

2012 жылдан бері өңірде 1,5 млн гектардай бос жер анықталған. Соның 72% мемлекет меншігіне қайтарылып, 727 мың гектары қайта айналымға енгізілген. Ал 400 мың гектар жерді иелері игере бастапты. Қалғаны сотта қаралуда. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану жайы өңір басшысының шаруалармен кездесуінде де талқыланды.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысы әкімі:

 - Өткен ғасырдың 80-ші жылдары егістігіміздің жалпы ауданы 1,5 млн гектар болса, қазір 0,5 млн-ды ғана құрайды. Сондықтан қазір дұрыс пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтаймыз. Кеше тапсырма бердік. Егер осындай кісілер мемлекет меншікке бермесе немесе өздері пайдаланбаса, олардың аты-жөндерін жариялауға мүмкіндік бар. Жерді игереміз деген кісілерге ғана беруіміз керек.

Жерді қайтаруда кездесетін қиындықтың бірі – оның бос жатқанын дәлелдеу. Көбінесе иелері түрлі айла-шарғыға барып, жерді жылына бір айналдыра жыртып қойып, сотта жеңіп шығады екен. Ондай болмас үшін енді жердің пайдаланылуы ғарыштық түсірілімдермен тексерілмек.

Жұматай Ашықбаев, БҚО Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

 - Ғаламшар серігі арқылы қарайтын мүмкіндік жасап жатырмыз. Әзірге геопортал құрудамыз. Осы геопортал арқылы қай жердің пайдаланылып, қай жердің пайдаланылмай жатқандығын тексеретін ғарыштық түсірілімдер арқылы дәлелдейтін болады.

Арнайы ақпараттық геопорталды жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Осы арқылы жер телімдерін берудің ашықтығы қамтамасыз етілмек. Әрі жер қатынастары саласындағы түрлі қызметті тұрғындар үйден шықпай ала алады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов