Хабар телеарнасы

Онкологиялық диспансерде сырқаттарға қажетті препараттар берілмей жатыр

Оған себеп: медициналық мекеменің қордаланған қарызы. Диспансердің берешегі қазір 1,9 млрд теңгеге жетіп отыр. Екі ортада емсіз қалған науқастардың өміріне төнген қауіп қоюланып барады. Сонымен қарыз үшін берілмей жатқан дәрі-дәрмекті жеткізу қашан жалғасады?

Өмір сүргім келеді және сүремін де! 31 жастағы Татьяна Волкова үшін әрбір атқан таң – күрес. Үшінші деңгейдегі тері обыры диагнозымен емделіп жатыр. Үміт бар, бірақ сол үміт үзілгелі тұр. Себебі ол ем қабылдайтын елордадағы онкодиспансерде қажет дәрі жоқ.

Татьяна Волкова, науқас:

- «СК-Фармация» онкодиспансерге 2016-2018 жылдары қордаланған қарызы үшін препараттарды әкелуге тоқтатқан. Қазір ешқандай науқас ем алып жатқан жоқ. Осы уақытқа дейін мен 22 млн теңгеге 9 ем қабылдадым. Сондықтан бұл препараттарды енді қабылдамасам, бұл ақша да, дәрігерлердің еңбегі де зая кетеді. Осылайша тараптар экономикалық мәселелерді адамдардың өмірінің құны арқылы шешіп жатыр.

«СК Фармация» дәрі-дәрмек жеткізуді 1 қыркүйектен бастап тоқтатты. Себебі медициналық мекеменің қарызы қордаланып барады, ал оны жабуға не медициналық мекеме, не әкімдік ықылас танытып отырған жоқ. Жалпы қарыз көлемі – 1,9 млрд теңге. Соның 1,3 млрд-ы – өткен екі жылда жиналған ескі қарыз, қалғаны – биылғысы.

Берік Шәріп, «СК-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Біз әкімшілікке хабар бердік. Жылдың басында диспансерге жібердік. Бірақ өкінішке қарай, олар берген жоқ. 780 млн теңгеге ғана келді.

Бұл қарыз енді ғана жиналған жоқ. Бұған дейін де тараптар арасында мұндай дау туып, тіпті сотқа дейін де барған. Жағдай тағы қайталанып отыр. Берік Шәріпұлының айтуынша, еліміздегі медициналық мекемелердің дебиторлық қарызы 17,7 млрд теңгеге жеткен. Ал онкодиспансердің директоры Мұхтар Төлеутаев бізге бұл миллиондаған қарыздың қайдан пайда болғанын түсіндіріп бере алмады. Бірақ бір анығы қарыз қайтарылады.

Мұхтар Төлеутаев, Онкология орталығының директоры:

- Қазіргі сәтте 600 млн теңге көлемінде қарызымыз бар. Ай сайын емдеп шығарған науқастарға қордан ақша аламыз да, «СК-Фармация» алдындағы қарызды қайтарамыз.

Сонымен «СК-Фармация» дәрі-дәрмекті жеткізуді қашан қайта бастайды? «СК-Фармация» басшысы: «Егер әкімдік кепілдік хат берсе, бүгін-ақ жеткізіп береміз», – деп отыр. Ал әкімдіктен бұл жайлы жауап ала алмадық. Осы салаға жауапты мамандардың жиыннан қолы тимеді.

Берік Шәріп, «СК-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Бізге жарты сағат бұрын хабар берді. Бүгін дәрі-дәрмек біздің орталыққа әкелінеді.

Астанадағы онкодиспансерден жылына 10 мыңдаған науқас ем алады. 4 мың адамға күрделі операция жасалады. Мемлекет қауіпті дертке шалдыққандарға қаржылай көмек көрсетіп келеді. Жылына бір адамды емдеуге 40-50 млн теңге жұмсайды. Себебі мемлекет үшін адам өмірінен құнды ештеңе жоқ.

Онкоорталыққа дәрі-дәрмек жөнелту басталды. Біздің редакциямызға «СК-Фармация» мекемесінің баспасөз хатшысы хабарласып, мәселенің шешім тапқанын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан онкологиялық орталығына осы айда жеткізілуі тиіс препараттың 130 түрі жөнелтілген.