Хабар телеарнасы

Қарттар үйіне барған еріктілер алғыстың орнына балағат сөз естіп қайтты

Онсыз да жаны жүдеу жандарды қуантпақ болып «Нұр Отау» қариялар үйіне барған волонтерлер «рахметтің» орнына балағат естіп қайтты. Аталған мекеме директорының қызы еріктілерге өктем сөйлеп, қуып шыққан.

Мемлекет басшысы келер жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Яғни біздің елдегі еріктілердің ерік-жігерін жанитын жыл болмақ. Бірақ Қаскелеңдегі жағдай өзгелерге көмек беруге әрқашан әзір әрі ол үшін ақы талап етпейтін жаны жайсаң жандардың жігерін керісінше құм етпей ме?

Адуын басшы, балағат сөз. Қарияларға қуаныш сыйлауға келген еріктілердің күткені әрине, бұл емес. Онсыз да мейірім жетіспейтін отаудағы бұл шуды құлағы шала еститін қариялардың да естімеуі мүмкін емес еді. Себебі қатаң сөздер қатты-қатты естілді.

Сол еріктінің бірі – Арайлым Нұрмағамбетова. Алматыдағы «Клуб добряков» ұйымына келгеніне 4-5 ай ғана болған. Қаскелеңдегі кешегі жағдайда балағат сөз естісе де, Арайлым өзі үшін емес, қамкөңіл қарттар үшін алаңдайды.

Арайлым Нұрмағамбетова, ерікті:

- Көңіліме алған жоқпын, бірақ үлкен кісілерді аяймын.

Даудың басы осы ыдыстар. Сол күні кір болған ыдыстарды жумақ болған еріктінің әрекеті мекеме директоры қызының ашуына тиіп кеткен секілді. Сол шудан кейін ыдыстар қайта-қайта жуылғанын аңғардық. Ал кейін біздің тілшілерімізге мекеме директорының өзі Галина Бурматова түсінік беріп, «еріктілер еркінсінбесін» дегенді жеткізді.

Галина Бурматова, «Нұр Отау» пансионатының директоры:

- Ерікті қыздар ыдыстарды асүйге кіріп өздері жуа бастаған. Біздің қызметкерлер келгенде сөзден сөз шығып, арты дауға ұласқан. Әлеуметтік желіде бізді қарттарды ренжітеді деп жазыпты. Әсте олай емес. Мұндағы 15 жұмысшы қарияларға қарағаны үшін жалақы алып, отбасын асырап жүр. Әр қарияға ұл-қыздары тәулігіне 3 300 теңге төлейді. Оған жатын орын, тамағы мен күтімі кіреді.

Әрі қарай біз қазбалап жатпадық. Себебі әр тараптың өз шындығы бар. Бірақ дәл осы еріктілер мәселесіне келгенде еріксіз еске оралатын жайттер аз емес.

Мысалы биыл ақырған ақпанда із-түзсіз жоғалған 13 жасар елордалық жасөспірімді жан ұшыра іздеген де солар болатын. Полиция, әскерилер мен кинологтар жабылып іздеген жасөспірімнің мәйітін де үй жанындағы құдықтан тауып алған волонтерлер еді.

Шыны керек, полицияның уақыты не мемлекеттік мекеменің құрығы жетпей жатқан жерге еріктілердің еңбегі жеткенде, ескерусіз қалатыны бар.

Айсұлу Ерниязова, Еріктілер лигасы ҚҚ төрағасы:

- Әрине, бізге өзгеше көзқарас, басқа қарым-қатынас қажет-ақ. Менің ойымша, Еріктілер жылында мұғалімдер сияқты заңнамалық деңгейде еріктілердің мәртебесі туралы ғана емес, сонымен бірге біздің еліміздегі еріктілердің құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңды күшейтуге болады. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетер еді.

Еріктілер жылы – келер жыл. Президенттің өз жарлығымен. Бұл – өте қажет қадам. Себебі біз өзіміз өмір сүретін, сөйте тұра «тасбауыр» деп жиі кінәлайтын қоғамды құтқаратын да осы қайырымдылық. Ал сол қайырымдылықтың бастауы еріктілер қозғалысы біздің Қазақстанда қатты дамып кеткен жоқ әлі. «Жастар» орталығы зерттей келе қазақстандық жастардың 82,6% еріктілікпен мүлдем айналыспағанын анықтаған. Әр бесінші жас волонтерлік туралы ешқашан естімеген де екен.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Гүлжан Айнабекова, Ұлан Нарынбек