Хабар телеарнасы

Жауынгерлер Алматы облысында әскери машықтарын пысықтады

ТМД мемлекеттері шекарасы қауіпсіздігін күшейту мақсатындағы халықаралық жаттығуға Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Армения мен Қырғызстанның шекарашылары қатысты.

Қазақстан-Қытай шекара шебінде бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жұмысы бір ай бұрын басталған. Бес елдің жоғары шенді әкерилері жалпы ережелерді бекітіп, тактикалық іс-қимылдарды пысықтап алды. Дәл осындай жаттығуларда жауынгерлік жасақтың дайындығы мен техника тегеуріні тексеріледі.

Алмас Садуақас, тілші:

- Алдын ала әзірленген сценарий бойынша өрбитін жаттығу барысында лаңкестер елді мекендегі аңшылық дүкенінен жасырынып, ішіндегі адамдарды тұтқынға алды. Олармен өз еркімен берілу жөніндегі келіссөз нәтижесіз аяқталғаннан кейін шекарашылар шабуылға көшті.

Мұндай жағдай бола қалған сәтте десанттық шабуылдау тобының жауынгерлері ширақ қимылдау керек. Қауіп-қатер төнгенде олар еш мүдірмей, бұйрықты мүлтіксіз орындауы қажет.

Бағлан Серіков, 2022 әскери бөлім сарбазы:

- Осы оқу-жаттығуларға бір ай дайындалдық, күндіз-түні осындамыз. Әр қадамымызды және қай тактиканы қолдануға болатынын ойластырамыз.

Дәулет Жұмабеков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары:

- Жыл сайын алға қойған мақсаттарымыз, тапсырмалар қатары көбейіп жатыр. Жауапкершілік жоғары. Төрт жыл бойы Қазақстанда өткізіп жатырмыз. Келесі жылы Ресей Федерациясында жоспарланып отыр.

Жаттығуда алғаш рет шынайы соғыс жағдайында жұмсалатын оқ-дәрілер мен зеңбіректер қолданылды. Қолбасшылық тарапынан берілген тапсырмаларды орындау деңгейі әлі талқыланады. Жалпы «Найза» әскери шарасы ең алдымен шекара шебінде болуы ықтимал қарулы қақтығыстардың алдын алып, жауынгерлік жасақтың пәрменін күшейтуге незіделген.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев