Хабар телеарнасы

Шыдамы таусылған шалғайқарасулықтар тағы да шу шығарды

Жүздеген ауласы бар ауданда білім ошағы жоқ. Балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке қатынауға мәжбүр. «Қыста қиын болады», – деп тұрғындар редакциямызға хабарласты. Жергілікті билік өкілдері не дейді?

Абылай Жақсымбетов, қала тұрғыны:

- Жол жоқ. Жарық жоқ. Міне күз басталды. Жаңбыр жауады, батпақ болады. Бәрі жаяу жүреді. Не деген сұмдық бұл?

Шалғай Қарасу ауданында тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. Бірақ күні бүгінге дейін инфрақұрылым ретке келтірілмеген. Тұрғындардың айтуынша, мұнда 500-ден астам түтін бар. Соған қарамастан не жарық, не жол, ауызсу сияқты өзекті мәселелер шешімін таппай отыр.

Ғалия Жүкенова, қала тұрғыны:

- Мұнда 500 үй тұрады деп кім айтады? Міне осылай айқайлап, шулап қайтамыз. Болды, біздің тірлік осы. Әкімге де бардық. Бармаған жеріміз жоқ.

Айтқандарын орындамайтын әкімдіктегілерге ашынған жұртшылық енді не істерін білмей отыр. Бұл маңда мектеп те жоқ, балалар 3-4 шақырым жердегі білім ошақтарына қатынап оқуға мәжбүр. «Әсіресе қыстыгүні ұл-қыздарымыз үйге келгенше, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз», – дейді тұрғындар.

Ғалима Әбдіпайызова, қала тұрғыны:

- Күн қараңғы болады. Балаларды алып келу үшін қиналамыз. Ана жақта ит те бар, шұқанақ та бар. Ал бала ойнайды. Каналға түсіп кетсе, кім жауап береді?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Тұрғындардың айтуынша, қала әкімдігі дәл осы алқаптан әлеуметтік маңызы бар мектеп, балабақша сияқты бірнеше нысан салып беруге уәде еткен. Содан бері 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Тіпті мектеп салып береміз деп іргетасын қалау мақсатында жерден судың қанша метрден шығатындығын анықтау үшін сынама да алынған. Міне сол шұңқыр 10 жылдан кейін.

Шағым бойынша Тараз қалалық әкімдігіне сауал жолдадық. Олардың айтуларынша, Шалғай Қарасу аудандағы мектеп құрылысы әлі қаралып жатқан көрінеді.

Төлеген Бибосынов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- 2018 жылы бюджеттен қаражат бөлініп, Шалғай Қарасудағы 600 орындық мектепке жобалау-сметалық құжаттарын дайындау үшін бөлінген болатын. Экспертизадан қорытынды алынғаннан кейін барып құрылысқа қаржы бөлуге бюджетке өтінім береміз. Егер қаржы бөлініп жатқан болса, 2020 жылы құрылысы басталатын болады.

Мектептің нақты қашан салынатыны белгісіз. «600 орындық ғимараттың құрылысына қажетті қаражатқа сұраныс республикаға жасалады», – дейді мамандар. Оған 1,7 млрд теңге керек екен. Тек осы қаржы бөлінген жағдайда ғана білім ошағының құрылысы басталмақ. Инфрақұрылымға қатысты жағдай да дәл осындай.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә