Хабар телеарнасы

ШҚО ауылындағы медициналық мекеме ғимараты өзге аймаққа көшірілуі мүмкін

Өйткені медициналық мекеме ғимараты әбден ескіріп, тозығы жеткен. «Сырқаттарға сапалы қызмет көрсету басты міндет болғандықтан, бұл сұрақты шешудің бір жолы осы», – дейді облыстық басшылық өкілдері. Алайда Қанай тұрғындары бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.

Қанай – өз тірлігімен отырған тау арасындағы әдемі ауыл. Мыңға жуық тұрғыны бар. Мектеп, балабақша, ойын алаңы сынды әлеуметтік нысандардан да құр алақан емес. Дегенмен соңғы айларда ауылдықтардан маза қашты. Барлығы да «осындағы психикалық аурухана жабылып қала ма?» деп алаңдаулы. Өйткені бұл ауылда толықтай медбике, санитар, дәрігерлер тұрады десе де болады.

Валентина Микеевич, санитар:

- Жабылса, біз не боламыз? Қаңғырып, балаларымызды оқыта алмай қаламыз. Барлық жерде қысқарту болып жатыр. Ондай әңгіме естіп жатырмыз. Медбикелерге жұмыс орнын тауып береді, ал санитарлар өздері іздеуі керек екен. Біз қайдан іздейміз?

Күлмағира Қырықбаева, медбике:

- Біз қайда барамыз сонда? Менің зейнетке шығуыма екі-ақ жыл қалды, мысалы. Ал мені қай жер жұмысқа алады?

Аталған аурухана 1940 жылдары бой көтерген. Жабық режімдегі мекеме. Сондықтан ішіне кіруге тыйым салынған. Сыртқы кейпі осы. Ескі барақтар қаусап әрең тұрғанын байқау қиын емес. Кәріз құдығы жоқ. Қыста ішін кәдімгі пешпен жылытады. Сондықтан техникалық талапқа кереғар тұстары шаш етектен.

Альмира Рағызбаева, Психикалық денсаулық орталығы бөлімшесінің бас дәрігері:

- Санитарлық-эпидемиологиялық станция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер келіп тексереді. Талапқа сай келмейді дейді. Республикалық комиссия да келеді, жылына екі рет тексеріп тұрады.

180 орындық аурухананың 90-ы әйелдерге, 60-ы ерлерге, қалғаны наркология бойынша мәжбүрлі ем алушыларға арналған. Басты міндет сырқаттарға сапалы әрі жайлы қызмет көрсету болғандықтан, ескірген мекемені маңайдағы Айыртау немесе Бозанбай ауылына көшіру жоспарланып отыр. Орталық жүре бара әлеуметтік медициналық мекемеге айналуы мүмкін. Бірақ Қанайдағы қызметкерлердің қайда баратыны белгісіз.

Мерхат Хасенұлы, облыстық Психикалық денсаулық орталығының басшысы:

- Бұл сұрақпен меніңше жергілікті билік айналысу керек. Біздің міндетіміз – науқастарға талапқа сай қызмет көрсету. Әрине, Бозанбай немесе Айыртау ауылына көшірілсе, Қанаймен ара-қашықтық 10-15 шақырымды құрайды. Біз қызметкерлерді тасымалдайтын арнайы көлік бөлетін боламыз.

Ауылмен ауыл арасында үздіксіз автобус жүріп тұрады дегенге мұндағы жұрт сенбей отыр. Зейнеткер Қияш Нәбиеваны да бұл шешім абдыратып тастапты. Әке-шешесі еңбек еткен ауруханада Қияш әжейдің өзі 40 жыл істепті. Енді бүкіл бала-шағасы, келіндері сол жерде жұмыс істеп жүр.

Қияш Нәбиева, зейнеткер:

- Бүкіл түп-тамырымыз осы жерде. Сондықтан оны жоғалтқымыз келмейді. Ауылымызда өздеріңіз көрдіңіздер, барлығы бар. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, амбулатория, мешіт те бар.

Жалпы осыдан 6 жыл бұрын бұл аурухана ғимаратын жаңадан салу туралы бастама көтеріліп, тіпті 3,5 млрд теңгенің жобасы да жасалыпты. Алайда қаражат жоқ деп кейінге шегеріліп келген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин