Хабар телеарнасы

Дәрігер Қанат Тезекбаев тергеу изоляторынан босатылды

Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 22 қыркүйектегі қаулысымен Бас дәрігер Қанат Тезекбаев пен анестезиолог-дәрігер Асқар Тұңғышбаев екі ай мерзімге қамауға алынған еді. Олар Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлімі, яғни абайсызда адам өліміне алып кеп соққан медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдікті ретінде ұсталған. Қалалық соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы сот инстанциясы қаулысының күшін жойды. Дәрігерлер Алматы қаласы Полиция департаменті басшысы ұлының өлімінен кейін тергеуге алынып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қалалық полиция басшысының баласы тамыз айының соңында Германияда қайтыс болған. Оған дейін марқұмға жергілікті ауруханада жол апатынан кейін операция жасалған. Осы іске байланысты дәрігер Қанат Тезекбаевтың жұбайы Дина Тезекбаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдаған болатын. Бұл мәселеге байланысты Тезекбаев пен Тұңғышбаевтың әріптестері қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Жанар Мәдиева, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Құқық қорғау органдарының тергеу іс-шаралараның жүргізуіне байланысты Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы тергеу жүргізу кезеңінде түсініктеме бере алмайды.

Осы оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері пікір білдірді. Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрайымының айтуынша, министрлік дәрігерді заң аясында қорғауға дайын.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің төрайымы:

- Бұл іс бойынша бізге өтініш түскен жоқ. Тергеушінің қаулысы шығарылып, тәуелсіз сарапшылар тартылды. Олар медициналық құжаттарды тексеріп , алдын ала қорытынды шығарды. Әзірге тек Алматы қаласының экономикалық тергеу қызметіне берілген алдын ала сараптама ғана бар. Біз қажетті шараларды, оның ішінде медициналық қателік дегеннің не екенін айқындау үшін заңнамаға түзетулер енгіземіз.

Осы мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға тапсырма берді. Президент өзінің Twitter парақшасында: «Германия ауруханасында жасалған операциядан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы әкімінің бақылауында», – деп жазды.